"Хабар" арнасы 3 шілдеден бастап көрерменге "Ғашықтар" телехикаясын тарту етпек
Жарияланған күні:
"Хабар" телеарнасы Астана қаласының 20 жылдығына орай көрермендерге жаңа телехикая тарту етпек. Шілде айының 3-ші жұлдызынан бастап Ілияс Есенберлин романының желісімен түсірілген "Ғашықтар" мелодрамасы жарыққа шығады.
Қазақтың біртуар жазушысы І.Есенберлиннің "Ғашықтар" романы кіршіксіз таза махаббат, сүйген адамдардың бір-біріне деген адалдығы мен ар тазалығы сынды ұлы сезімді бейнелейді. Фильмнің де басты мақсаты осынау сезімді көрерменге жеткізу.
Дәл осы романды таңдау себебін:«Романның желісі, ондағы кейіпкерлердің өмір үшін күресі қатты ұнады. Шығарманы төрт-бес рет қайтара оқып шықтым. Сонымен қатар біздің ата-аналарымыз да туындымен жас кезінен таныс, әлі күнге дейін жыр ғып айтып отырады. Кітаптың басты ерекшелігі, адам бойындағы мейірімділік, адалдық, өз ісіне деген сенімділікті сипаттайды» - деп түсіндірді фильмның продюсері Ардагер Сантыбаев.
Оқиға Еліміздің жүрегі Астана қаласында өрбиді. Хикаяда Жантас есімді жігіттің өмірі мен махаббат дастаны суреттеледі.
Телехикая роман желісімен түсірілген, алайда қазіргі заманға сай өзгертулер енгізіліпті. Мәселен, романда Мыстау қаласы сөз болса, фильмдегі оқиғалар Астана қаласында орын алады. Мұнымен шығармашылық ұжым өркендеп, өсіп келе жатқан Астанамызды көрсеткісі келген.
Сондай-ақ романдағы басты кейіпкер Жантас – талантты мүсінші, экрандағы Жантас - суретші-дизайнер болып қызмет атқарады. Дегенмен оның мінезі, образы сол қалпында сақталған.
Аяужан - Жантастың бала махаббаты. Өзінің өмірін қатерге тігіп, талай жанның тағдырын аман алып қалған қайсар,өжет, краншы қыз. Оның да бейнесі І.Есенберлин суреттегендей - мейрімді, сұлу, батыл ару.
Кинодағы басты рөлдерді сомдауға кейіпкерлерге табиғаттары ұқсақ актерлер тағдалған. Ұзақ ізденіс пен іріктеуден соң Жантастың образын ашу Азат Тұрарбеков есімді жас актерге бұйырыпты. Бұл оның алғашқы басты рөлі.
Ал, оның досы Әбілқасты актер Ербол Идрисов сомдайды. «Кейіпкерімді сомдап шығуға қолымнан келгенше бар күш-жігерімді салып жатырмын. Енді алдын ала тон пішіп ештеңе айтпай-ақ қояйын. Кино барысында көре жатарсыздар. Бағасын халық өзі берер», - дейді ол.
Сонымен қатар Шерубайдың рөлінде – отандық танымал актер Азат Сейітметов, Аяужанның бейнесін Гүлмира Хасанова атты актриса жеткізуге тырысса, Ұлбосынды танымал әнші Ақерке Бүркітбай сомдайды.
12 сериялы махаббат хикаясы Алматы облысынан бастап Астана, Бурабай маңында түсірілген. Ондағы қыж-қыж қайнаған қазіргі қала өмірі мен тұмса табиғат ғашықтар тағдырын әрлей түседі дейді шығармашылық топ.
Айта кетейік, картинаның саундтрегі ретінде І.Есенберлиннің сүйікті әні «Қараторғай» (авторы Ақан Сері) қолданылған.
Туындының қоюшы-режиссері Самат Шарипов. Бұған дейін А.Сатаевтың «Жау жүрек мың бала» фильмі, «Хабар» арнасының тапсырысымен түсірілген «Жаным», «Кеңесшілер» телехикаяларының қоюшы-операторы болды.
Олай болса, 3 шілдеден бастап «Хабар» телеарнасынан «Ғашықтар» телехикаясын тамашалаңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1738674-habar-arnasy-3-sildeden-bastap-krermenge-gasyktar-telehikaasyn-tartu-etpek/