Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Самса тәтті: Шымкенттіктер пісірген самсаға Германиядан тікелей тапсырыс түсіп жатыр (фото)

Жарияланған күні:

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының самсаларына тіпті Германиядан тапсырыс келеді екен. Тілі дәм үйірер тандыр самсалардың бизнесін дөңгелетіп отырған отбасы NUR.KZ порталының тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Есболовтар отбасының бұл бизнесті бастағанына небәрі үш-ақ жыл болған. Ең қызығы, самсаны нарыққа шығару отағасының идеясы екен.

Бірде достарымен Өзбекстан елінде қонақта болып, көпшілікке белгілі "ташкенттік" тандыр самсадан дәм ауыз тиген ол еліне оралған соң, отбасымен ақылдасып, тәуекелге бел буады.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Алғашында Ташкенттен танымал екі самсашыны шақыртып, жергілікті мамандарды оқытады. Алғашында клиент табу қиынырақ болыпты. Өйткені самса бизнесі бұған дейін де Сарыағашта кеңінен танылып үлгерген. Дегенмен арада бірнеше ай өте тұрақты клиенттер пайда бола бастайды.

"Алғашында сатылым жағы төмен болды. Кейінірек біздің самсаларды сатып алған адамдар өзімен бірге клиенттерді әкеле бастады. Қазіргі таңда Сарыағашта "Кариманың" самсалары десеңіз, барлығы біледі. Тек Сарыағаш емес, Жетісайға бара жатқан жолаушылар да тоқтап, жолдан алып жатады. Алматы, Астанадан алып кететіндер бар. Тіпті сенесіз бе, Германия елінде де тұрақты тапсырыс берушілеріміз бар. Ұшақтан салып жібереміз",-деді кәсіпкердің әйелі Карима Төреқұлова.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Сұхбатымызға қосылған оның ұлы Нұржан Есболов анасының бұл сөзін әрмен қарай жалғады.

"Сарыағашта бұрындары неміс халқы көп тұрған ғой. Кейін өз елдеріне қоныс аударады. Солар осында қонаққа келгенде біздің кафенің самсасын жеп көрген. Содан бері мұндағы туыстары Германияға баратын болса, міндетті түрде "Кариманың" тандыр самсаларын алып келіңдерші" деп қолқа салады екен. Әрине, біздің самсалардың шет ел асып жатқанына қуаныштымыз. Егер дәмді болмаса, Германиядан алдырмас еді ғой", - деп мақтанышын жасырмады кәсіпкердің ұлы.

Осы ретте біз отбасылық бизнесті дөңгелетіп отығандардан клиентті баураудың басты құпиясын да сұрап білдік.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

"Біз әрбір өнімді ерекше ыждахаттылықпен әзірлейміз. Қажетті қамырды дайындауға бес сағат жұмсалады. Өйткені тандыр самсасының қамыры жұмсақ болса, клиентіңді жоғалтпайсың. Ары қарай оның ішіне қосылатын салмалары (қоспалары) тағы бар. Бізде тандыр самсаның бес түрі дайындалады. Әрқайсысының өз рецептісі бар", - деді Нұржан Есболов.

Мұнда жұмыс уақытысы таңғы сағат 7-де басталады. Бір сағаттың ішінде алғашқы самса топтамасы тұтынушыға ұсынылады. Қажетті қамыр бір күн бұрын кешкі уақытта иленіп, дайындалып қояды екен. Таңғы уақытта қамыр формалары самсаның түріне қарай тамшы, ұшбұрышты, төртбұрышты етіп кесіліп, қоспалары салынып, бүгіледі (түйіледі).

Ал оған дейін самса пісірілетін тандыр пеші 180 градус жоғары температурада 20 минут қыздырылады. Кейінірек пештің температурасы бәсеңдетіліп, тандыр қабырғаларына су шашылады. Себебі қамыр пеш қабырғаларына мықтап жабысуы қажет. Мұнан соң шикі самса тандыр пешіне салынады. Бір пешке 150 дана самса сыяды. Ең қорқынышты сәт шикі самсаның дәл осы пешке салынатын кезі деуге болады. Өйткені қабырғаларына самсаны жабыстыру үшін пеш ішіне барынша еңкеюге тура келеді. Тура ортасында газ лапылдап жанып тұр. Көзіңізге елестетіп көріңіз.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Тандыр пешіне сырттан ауа кірмес үшін қақпағынан бөлек жылы төсеніш жабылады. Тағы да 180 градуста 20 минут тұрған соң пеш беті ашылады да, тағы бірнеше минут от сөндірілмейді.

Іштегі самса беттері қызарып, ал іші кәдімгі сорпа секілді қайнай бастаған соң бетіне тағы салқын су шашылады. Самса дайын. Айтпақшы, мұнда тандыр самсаның бес түрі: тауық етінен, сиыр мен қой етінен, сонымен қатар қойдың қабырғасынан дайындалған түрлері бар.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: UGC

Ал "президенттік" самсаға көбіне жастар тарапынан сұраныс көбірек болады екен. Өйткені оның ішіне қой етінен бөлек көкөністер, соның ішінде ащы бұрыш салынатындықтан дәмі ащылау.

Бизнесінің құпиясын бөліскен отбасы өздері дайындайтын тандыр самса бұл әулетте таңғы асты алмастыратынын жеткізді. "Тіпті туған туыстарымызбен осы самсаның арқасында жиі қауышамыз", - деп қалжыңдады кәсіпкер Карима Төреқұлова.

ЕСКЕРТУ! МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА ҚР ЗАҢНАМАСЫМЕН ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1744006-samsa-ttti-symkenttikter-pisirgen-samsaga-germaniadan-tikelej-tapsyrys-tsip-zatyr-foto/