Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік тұрғын 40-тан асқанда дүниеге келген ұлына ерекше ат қойған (фото)

Жарияланған күні:

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тұрғыны Мереке Жұбанияз 40 жастан кейін туған кенже ұлына ерекше есім берген. Бес баланың әкесі ерекше есімнің аянмен қойылғанын айтады деп жазады NUR.KZ.

Мереке Жұбанияз ұлымен
Мереке Жұбанияз ұлымен: UGC

Отағасының айтуынша, үйіне қонақ болған тұлағалардың тілегін Алла қабыл етіп, әйелі жасы 40-тан асқанда шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелген.

"Кенжемізді келіншегім қырық жастан кейін босанды. Үйге қонақтар көп келетін. Үлкен ұлды атасы мен әжесіне бергенбіз. Қолымызда үш қыз бар. 1995-96 жылдары Ырғызға келген атақты термешілер үйде қонақ болды. Алмас Алматов деген азамат келіншегіме "енді ұл тап!" деп бата бермесі бар ма?! Жасымыздың 40-тан кеткенін айтып біз шошып, таныстарымыз күліп жатты. Біз "керек емес" деп қоямыз.

Бәрі "қожа бата берді, енді ол болады" десті. Бұл оқиғаны ұмытып кетіп жүргенімізде келіншегім жүкті болды. Қуаныш деген жездем көрші тұратын. Ол кісінің де молдалығы бар. Сол жездемнің қызы түс көріп, Лиза апам ұл туады деп жүрді. Түсінде аян беріп баланың атын қойған екен. Бірақ ол қыз атты ұмытып қалған. Келесі күні қайта түс көріп тағы да аян берген. Сол кезде оянып "Нәдір Мұсамәли" деген атты жазып алыпты. Өзім келіншегім ұл туса "Мәрт" деп қоямын деп жүргенмін. Аянды айтқаннан кейін барлық атты қосып "Мәрт Нәдір Мұсамәли" болсын дедік.

Қысқартып Мәрт деп айтамыз. Толық атын ешкім айтпайды. Әл Фараби, ибн Сина деп мазақ қылатындар бар", - дейді Мереке Жұбанияз.

Ерекше ат қоюмен ерекшеленген ауыл тұрғыны 18 адамға ат қойған.

"Өзімнің бес балам бар. Бұрын біз жас кезімізде балалардың атын жолдастардың арасында жеребе ойнатып қоятын едік. Сәулеш, Талант деген балаларым, Інжу-Іңкәр деген егіз қыздарым бар. 1987 жылдары егіз қыздарымның атына жұрт күліп еді. Ол уақытта Айдана, Гүлдана, Нұргүл, Айгүл деген аттар сәнде болатын. Көпшілік "қыздарына кемпірдің атын қойды" деп күлді. Бірақ қазір екеуінің аты да әдемі аттардың ондығына кіреді", - дейді Мереке Жұбанияз.

20 жастан асқан жігіт атының ерекше болғанына риза.

"Атым өзімі ұнайды. Жол полицейлері тоқтатқан кезде "атыңды кім қойған" деп қызық көріп жатады", - дейді Мәрт Нәдір Мұсамәли Мерекеұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1744090-aktbelik-trgyn-40-tan-askanda-dniege-kelgen-lyna-erekse-at-kojgan-foto/