Алматы облысында бір ай бұрын жоғалған 13 жасар ұлын жанұшыра іздеген ана жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:
Алматы облысының Үштөбе қаласында 13 жасар Иса Бекбаевтың із-түзсіз жоғалып кеткеніне бір ай болды деп хабарлайды КТК арнасы.
Жасөспірімді құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер жасағы, туысқандары жабылып іздеген. Бірақ күні бүгінге дейін бір де бір белгі табылған жоқ. Баласының бір жерде тірі жүргеніне сенімді анасы оған көмек керек болуы мүмкін деп отыр.
Бала үйіне оралмай қалған күннен бастап туысқандарының көз жасы құрғаған емес. Исаның әке-шешесі мен кішкентай қарындасы күні-түні оның ұялы телефондағы суретіне қарап, телміріп отырады.
Айтуларынша, 26-шы маусым күні көршінің балаларымен ауыл маңындағы Қаратал өзеніне шомылуға кеткен. Суға батты дегенге туысқандары сенбейді. Өйткені өзенге ағып кеткенін көрген адам жоқ.
Бала із-түзсіз жоғалған күннен бастап оны іздемеген адам жоқ. Құтқарушылар мен полицейлер, еріктілер жасағы, туысқандары сулы, орманды жердің бәрін кезіп бір белгі іздеген. Таппаған.
Өзенге сүңгуірлер жіберіліп, іздеу операциясына тікұшақ та тартылыпты. Қараталда шомылды деген баланың киімдері де табылмаған.
"Іздестіру жұмыстары 10 күн жалғасты. Одан кейін ата-анасының сұрауы бойынша тағы үш күнге жалғастырылды. Бірақ нәтижесіз болып тұр", - дейді Алматы облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Азамат Жұртбаев.
Жақында төтенше жағдай қызметі Исаның туысқандарына іздеу жұмыстары тоқтатылғаны жөнінде ресми анықтама берген. Исаны іздеуді туысқандары тоқтатқан жоқ. Өйткені баланың денесі табылмайынша, өлді дегенге сене алар емес.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1744605-almaty-oblysynda-bir-aj-bryn-zogalgan-13-zasar-lyn-zansyra-izdegen-ana-zanajkajyn-zetkizdi/