Таразда халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығын атап өтпек (видео)
Жарияланған күні:
Таразда еліміздің біртуар азаматы, халық қаһарманы, партизан Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына арналған әдеби кеш өтеді деп хабарлайды NUR.KZ.
Шараға Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, суретші, қаламгер, журналист Қасым Қайсеновтың xатшысы болған Еркін Нұразхан қатысады.
Сондай-ақ халық қаһарманының көзін көрген Әулиеата өңірінің ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері де бұл шараға атсалыспақ.
Айта кетейік, 7 қыркүйек күні Тараз қаласының Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы университетінде өтетін әдеби кешке барлығы қатыса алады. Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастарған аталмыш жиын Қасым Қайсеновтың шығармашылығы, даңқты тұлғаның майдан шебі мен бейбіт өмірге қосқан ерен еңбегіне арналмақ.
Естеріңізге сала кетейік, Қасым Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облсының Ұлан ауылында дүниеге есігін ашқан. 1934 жылы Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы Павлодардағы облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту бөліміне нұсқаушы болып жұмысқа орналасқан.
1941 жылы қараша айында әскери-барлау мектебін бітірген бойда, Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіліп, сол жерден арнайы тапсырма алып, Украинаның басқыншылар қолында қалған жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына түсіріледі. Халық қаһарманы Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Ал 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады.
Командир болып жүріп, жүздеген жорыққа қатысады.
Ал соғыс аяқталған соң Қазақстанға оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы аппаратында жауапты қызметте болады.
Қан майданды бастан өткерген жауынгер көптеген шығармаларды да дүниеге алып келген. Жазушының "Жас партизандар", "Ажал аузынан", "Жау тылындағы бала", "Днепрде", "Жау тылында", "Партизан соқпақтары" секілді әңгімелері мен очерк, повесть жинақтары оқырманға кеңінен таныс.
Сұрапыл соғыстарда ерлігімен көзге түскен Қасым Қайсенов "Богдан Хмельницкий", "Отан соғысы", "Чехословакия партизандары", Украинаның "За заслуга" ордендерімен, Кеңестер Одағының көптеген орден, медальдарымен марапатталған.
Жазушылар одағының Бауыржан Момышұлы атындағы әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық қаһарманы Қайсенов 2006 жылы 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1751297-tarazda-halyk-kaarmany-kasym-kajsenovti-100-zyldygyn-atap-tpek-video/