Шымкентте қорқытып пара алмақ болған әскери шенеунік сотталуда
Жарияланған күні:
Шымкент әскери сотында Тараз қалалық қорғаныс істері басқармасының бұрынғы бөлім басшысына қатысты сот процесі басталды. Экс-шенеунік параны қорқытып алғаны үшін айыпталуда деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Жауапкершілігі зор қызмет атқарған әскери шенеунік әскерге жарамсыздық билетін 90 мың теңгеге сатпақшы болған.
"Өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың 19 сәуірінде әскерге шақыртылған тұлғаның дене бітіміне қарап әскерге жарамсыздығы туралы билет дайындап бере алатындығын айтқан. Қызметінің 90 мың теңге тұратындығын нақтылап өткен. Параны алу, яғни кездесу уақыты мен жерін белгілеген", - деді Шымкент әскери прокуратурасының қызметкері Бауыржан Шарипов.
Мерзімді әскер қатарына шақыртылған жігіт әскери шенеунікке пара беру туралы пиғылынан айнып қалады. Сөйтіп келісілген жерге келмеген. Оңай ақшадан құр қалғанына ашуланған аға лейтенант уағдаласқан жігітке қоқан-лоққы жасай бастайды.
"Қылмыстық пиғылын іске асыра алмай қалған сотталушы келісілген параны беруден бас тартқан азаматтың жеке құжаттарынан мекенжайын тауып, іздеп барған. Үйіне барып наразылығын білдірген. 90 мың теңгені ала алмайтындығына көзі жеткен соң қорқытуға көшкен"-дейді Шымкент әскери прркуратурасының прокуроры Бауыржан Шарипов.
Құрықталған кезде экс-әскеридің қалтасынан қорқытып алған 30 мың теңге табылған. Сот залында бұрынғы аға лейтенант кінәсін тек ішінара мойындайтынын айтты.
"Мен тағылған айыпты жартылай мойындаймын. Мен қызметтік бабымды пайдаланып, оны алдау арқылы, яғни сеніміне кіріп 30 мың теңгені алғанымды мойындаймын. Қорқыту жолымен алған жоқпын. Ондай ойым да болған емес. Барлық іс әрекеттер өзара келісім арқылы болды. Әскери билетті дайындау немесе әскери қызметке жарамсыз құжатын жасап беру менің міндетіме кірмейді. Мен оған ықпал да жасай алмаймын. Ал 30 мың теңгені қорқытып емес, алдау әрекетімен алдым"-дейді сотталушы.
Айта кетйік, сотталушы әскери шенеунік әскерге шақыру комиссиясының қатарында болмаған. Кінәсін ішінара мойындаған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қарауы әлі де жалғасатын болады. Оған ҚР ҚК нің 366 бабы, 3-ші бөлігі, 1-ші тармағы, яғни қорқытып пара алу бабымен айып тағылып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1755226-symkentte-korkytyp-para-almak-bolgan-skeri-seneunik-sottaluda/