Астанада жеті миллион теңгеге пәтер алу мүмкін бе?
Жарияланған күні:
Отандық шенеуніктер Астана қаласынан 7 миллионға пәтер алуға болады деп мәлімдеген болатын. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын Евразия арнасының тілшілері анықтап білген.
Пәтер сатумен айналысатын маман Ғарифолла Қоныстың айтуынша, 2014 жылмен салыстырғанда елордада пәтер бағасы 12 пайызға қымбаттаған.
Сонымен қатар, ауданға байланысты баспананың бағасы да өзгереді екен.
Мысалы, сол жағалаудағы бір бөлмелі пәтерді 15 мллионға алуға болады екен. Ал оң жағалаудағы Сарыарқа, Байқоңыр аудандарында пәтерлер сегіз-тоғыз миллион теңге, Алматы ауданында 10-11 миллион теңге көлемінде көрінеді.
Астана тұрғыны Жұпар Ахметова жуырда жаңа пәтеріне кіріпті. Ол қала орталығында орналасқан 39 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерді ұзақ іздеп, 15 миллионға алған. Осы пәтер құнын ол тіпті арзан деп, тек құрылыс компаниясында жұмыс істеуінің арқасында қол жеткізгенін айтты.
"Жеті миллионға пәтер жоқ. Ондай баға болса, екі пәтер алар едім", - деді келіншек.
Ал үкіметтегілер, "Астанада жеті миллионға бір бөлмелі пәтер алуға болады" деген сөздерінен қайтпай отыр. Ұлттық экономика министрі Тимур Сулейменов Астанадан мұндай бағаға бір бөлмелі пәтер алуға болатынын жеткізді.
Астанадан 15 шақырым жерде орналасқан Қосшы ауданындағы тұрғынүй алабынан жеті миллионға 25,8 шаршы метрлік пәтер алуға болады. Алайда ас үй мен қонақ бөлмесінің қызметін бір бөлме атқарады.
"Нарықтағы бағалар он бір миллионнан басталады. Қаланың ішінен жеті миллионға пәтер алу мүмкін емес", - деп жауап берді астаналық Павел Грязнов.
Айта кетерлік жайт, елбасының сынынан кейін 7-20-25 бағдарламасы бойынша бюджеттік 50 мың қызметкерге жыл соңына дейін бір миллион теңге көлеміндегі сертификаттар таратылады. Ол қайтарымсыз және несие ретінде беріледі.
Алайда, соңғы үш айда еліміздің үш қаласында пәтер бағасы қымбаттаған. Сатып алушылар мен сатушылар саны да азайған.
Статистика комитетінің мәлімдеуінше биылғы жылы Астана қаласындағы үй алу жөніндегі келісімдер саны 2,4 пайызға, Алматы қаласында 12 пайызға азайған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1757171-astanada-zeti-million-tegege-pter-alu-mmkin-be/