Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тұмар тағу, дем салу: қазақ халқы көз тиюден ежелде қалай сақтанған

Опубликовано:

Көз бен қыз
Көз бен қыздың бейнесі. Көрнекі сурет: Instagram

Қазақтың ырым-тыйымында "көз тию", "назарлану" ұғымы ежелден келе жатыр. Алайда қазір бұл сөздерге сенбейтін жастар қатары артқан. Ал шын мәнінде көз тию расымен бар ма? Көз тиген адамды қандай әдіс-тәсілдермен емдеп алған? Көз тиюдің адам өміріне қандай теріс әсері бар?

Көз тиюдің алғашқы белгілері қандай?

  • Кішкентай баланың мазасызданып жылауы, тынышталмауы;
  • Нәрестенің еңбегінің төменге түсуі;
  • Арқаның қараюы (мұны халық арасында көз тиюдің қатты өтіп кеткенімен түсіндіреді);
  • Адамның денесіне көз жараларының шығуы;
  • Адамның денесі дел-сал болып, себепсіз көңіл-күйінің түсуі;
  • Жолының болмауы.

Қазақ халқы көз тиюден қалай сақтанған?

Қазақ халқының нанымында көз тию деген ұғым бар. Сұқ көзден сақтану үшін түрлі ырымдар мен тыйымдар да бар. Мысалы:

Тұмар тағу

Кішкентай балаларды тіл-көзден сақтау үшін бұрындары молдаға дұға жаздырып, оны баланың мойнына тұмар қылып тағып қойған.

Күйе жағу

Нәрестелердің маңдайына қара күйе жағып қою, киімінің жиегіне көзмоншақ тағып қоюды да жиі кездестіруге болады.

Түйреуіш тағу

Тіпті тіл-көзден сақтанатын үлкен адамдар киімінің жиегіне көрсетпей, түйреуіш тағып қоюды әдетке айналдырған.

Қорғасын құю

Көз тиген адамның немесе нәрестенің басына ыдыс қойып, қорғасын құю арқылы, көз тиюден айықтырған.

Аластау

Аластау тіл мен көзден, бәле-жаладан тазартудың бір әдісі. Аластауды біреулер отпен, біреулер тұзбен істейді. Үлкен кісілер науқас адамды отырғызып қойып, тұзбен немесе отпен айналдыра аластаған.

Дем салу

Дем салу Құран аяттары арқылы жүзеге асады. Кейбір дем салушылар дертті адамға сүрелерді оқи отырып, пышақпен, қамшымен дем салады.

"Назары" бар адамның ұлтарағын ұрлап алып жағу

Бұл қазіргі уақытта қолданыла бермейді. Бірақ ежелде үйге "көзі" бар адам келсе, оның ұлтарағынан білдіртпей қырқып алған. Содан соң сол ұлтарақты тұтатып, баланы аластаған.

Иттің жатқан орнына баланы аунатып алу

Кейде үйге көп адам келіп, кешке отбасы мүшелері қалғанда үйдегі кішкентай бала мазасызданып жылай бастайды. Сол сәтте ауылдық жерде тұратын ата-әжелеріміз кішкентай нәрестені иттің жатқан орнына алып барып, аунатып алған.

Иттің түгімен аластау

Балаға кімнің көзі өткенін біле алмай қалған жағдайда, иттің түгінен кішкене ғана қырқып алған. Сосын сол түкті жағып, баланы аластап өткен.

Түкіртіп алу

Үйге келген қонақтың "назары" барын білетіндер бірден "түкіртіп алу" әдісін қолданған.

Елдің назарын аударатындай қылып киіндіріп қою

Бұрындары қыздарға шолпы тағып, қызыл-жасылды әшекей таққан. Балаларға түйреуіш түйреп қойған. Ал Қызылорда өңірінде жаңа түскен келінге көз тимеу үшін бастан аяқ қызыл түсті киім кигізіп қояды.

Қыздың көзі
Бетін жауып тұрған қыз. Көрнекі сурет: pixabay.com

Көз тиюге қатысты қандай ғылыми көзқарас бар?

А.Рысдәулеттің "Көз тию сеніміне ғылыми көзқарас" мақаласындағы деректерге сүйенсек, көз тиюге қатысты мынадай тұжырымдарды мысалға келтіруге болады:

Life Science журналында "Көз тию: көз айырмай қарау" атты ғылыми зерттеу жұмысы жарияланды. Ғалымдардың зерттеуінше, ежелгі халықтар көз тию кішкентай қиындықтан бастап өлімге дейін себеп болады деп санаған.

Көз тиюден тек адамдар ғана емес жануарлар да зардап шегетін көрінеді. Ал кейбір адамдар көз тисе тек өзіне ғана емес, отбасына, одан қалды төрт-түлік малына зардабы тиеді деп сенеді. Бірақ бұған ғылыми дәлел жоқ. Ғалымдар бұл құбылыстың еш негізі жоқ екеніне сенімді.

Армандо де Винченти есімді психотерапевт өзінің ғылыми жұмысында көз тиюден оған шынайы сенушілер ғана зардап шегетінін жазған. Маманның айтуынша, адам көз тиюге сеніп бақытсыздыққа душар болуы мүмкін.

Адамдар неліктен көз тиеді деп ойлайды? The Skeptics Dictionary сөздігінде көз тию кейбір адамға неліктен қатты әсер ететінін бірнеше тұжырым арқылы түсіндірген. Соның ішінде кез келген сәтсіздікті көз тию кесірімен байланыстыруды айтады.

Аса сезімтал адамдарды жылдар бойы зерттеген Австрияның ХІХ ғасырдағы танымал химиктерінің бірі барон Карл фон Рейхенбах олардың басқалармен салыстырғанда тірі энергетиканы өте жылдам қабылдайтынын анықтаған. Ғалым көз тию мидың қысқа толқындарының әсерінен болады деген қорытынды жасаған көрінеді.

Ал "Көз тию психологиялық құбылыс па?" мақаласындағы деректерді негізге алсақ, техника ғылымдарының кандидаты Виталий Правдивцев өзінің зерттеуінде көздің ұшқынын радио толқынның әсер ету күшімен салыстырып, әжелердің немерелерін бейтаныс адамдардың сұқ көзінен қорғайтыны кездейсоқтық емес деген қорытындыға келген екен.

Діни тұрғыда көз тиюге қатысты не айтылған?

Ислам діні көз тиюдің ақиқат екенін растайды. Бұған Асылбек Әуезханұлының "Көз тию – ақиқат" мақаласында жазылған мәліметті мысалға келтіруге болады:

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Көз тию, расында, бар нәрсе", "Бір нәрсеге таңырқаған мұсылман "Бәракаллаһу фиһ" десін", - деп мәселенің мәнін қысқа ғана хадисінде ашып берген.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) өз ойынан сөйлемейтіні, не айтса да Алланың көкейіне салғанын (уахи етілгенді) айтатыны қасиетті Құранда білдірілген. Тағы бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:

"Көз тию – ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе бар болса, көз тию болып, тағдырды озып та кетер еді (тағдырды өзгертер еді)". (Мүслим, Ибн Мажә)

Бұл жерде көз тиюге қатысты қандай жағдай болса да, оны бәрібір Алла жарататынын естен шығармау керек. Көзі өткір адамның жасағаны деп сенуге болмайды. Басқаша айтқанда, назары бар адам бір нәрсеге қарағанда, сол нәрсеге келетін зиянды жарататын Алла. Жақсылық та, жамандық та Алладан. Алланың қалауынсыз ешбір нәрсе пайда болмайды.

Тіл мен көз кейде кісінің қайтыс болуына дейін апаруы ықтимал. Хадистердің бірінде: "Көз тию – ақиқат. Ол түйені қазанға, адамды қабірге түсіреді", - делінген ("Кәшфүл хафа", 2: 76).

Олай болса, көз бен сөз тек адамға емес, өзгелерге де зиянды болса, онда бұрынғылардың сақтық шаралары мен дұғалары еріккеннің ермегі болмағаны.

Әдемі моншақтар
Түрлі-түсті моншақтар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Құранға үңілсек, кезінде Жүсіп пайғамбардың әкесі Жақып пайғамбар өзінің балаларын Мысыр еліне жіберіп тұрғанда оларға былай дегені келтіріледі: "Уа, балаларым, (Мысырға) бәрің бір қақпадан кірмеңдер, бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер. (Не істесем де) Алладан келген тағдырды өзгертуге менің шамам жетпейді. Өйткені ақиқатында, үкім беру тек қана Аллаға тән". ("Жүсіп" сүресі, 67-аят).

Дін жолын ұстанатын итальяндықтар да көз тиюден қатты қорқады екен. Діндарлар адам баласының жаны көз арқылы денеге кіреді және көз арқылы оны тастап шығады деген ұстанымда жүреді. Кей ғалымдар көз тиюді бір адамның екінші бір адамға энергия алмасу жағдайында психологиялық және биоэнергетикалық жағынан айрықша әсер етуі деп есептейді.

Жер бетінде осындай тылсым құбылысқа сенетіндер де, сенбейтіндер де бар. Мәселен Азия, Африка, тіпті Америка елдерін мекендейтін халықтар арасында көз тиюге сенетін адам көп. Ал жапон, қытай, монғол халықтары көз тию дегенге аса сенбейтін көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1767968-tmar-tagu-dem-salu-kz-tiuden-kalaj-saktanuga-bolady/