"Шашынан тарттым": Ақтөбеде дәрігерден таяқ жеген науқас өз шындығын айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбеде науқаспен төбелескен дәрігер қызметтен өз еркімен кеткен. Бұл туралы облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
"Дәрігер бізде бір жылдан аса ғана жұмыс істеген жас маман. Кезекшілікте болған күні науқаспен кикілжің болған. Видео түсіргені үшін жағдай ушыққан. Дәрігерді шашынан тартып құлатқан. Оның да басында ісік бар. Бұл жерде дәрігерді ақтай алмаймын. Мұндай жағдайға жеткізбеу керек еді. Дәрігер бұдан әрі жұмыс істей алмайтынын айтып, өз еркімен арыз жазды", - дейді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов.
Осы оқиғаның басты куәгері, дәрігермен төбелескен науқас жағдайды өз аузымен айтып берді.
"Дәрігер бірінші екі бетімнен жұдырықпен ұрды. Қасындағыларға "телефонын тартып алып, видеоны өшіріңдер" деп жатты. Телефонды бірден блокқа қойдым. Шаштан алдым да жерге атып ұрдым. Дәрігер "мені ұрды" деп айтып жатты.
Өзімді қорғау үшін видеоны Instagram желісіне салдым. Мен ол дәрігерге осыған дейін бірнеше рет бардым. Ол: "Енді жедел жәрдеммен келетін болсаң, жүйке аурулар ауруханасынан дәрігер шақырамын" деп мазақ қылып жүрді.
Мен жалғызбасты анамын, қорқыныш болды, қатты ашуланып кеттім. Ұрғанымды мойындаймын. Дәрігерден таяқ жеу дегенді бірінші рет естіп тұрмын", - дейді Әльмира Жетпісбаева.
Келіншектің 5 жастағы ұлы да талма ауруымен есепте тұрады. Жалғызбасты ана дәрігерлердің үстінен арыз жазбайтынын айтты.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін науқасты соққыға жыққан дәрігердің видеосы желіде таралаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1769224-sasynan-tarttym-aktbede-drigerden-taak-zegen-naukas-z-syndygyn-ajtty/