Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Анасы тастап кеткен қарағандылық жігіт ауыр балалық шағы жайлы жан сырын айтты

Жарияланған күні:

Қарағандыда 45 жастағы ер адам өзінің психологиялық жарақаты мен балалық шағының ауыр кезеңдері салдарынан жеке өмірін құра алмай әлек болған. Кішкентай кезінде анасы тастап кеткен азамат, оны әлі де кешіре алмай жүргенін айтты деп жазады NUR.KZ.

Фото: firestock.ru
Фото: firestock.ru: Facebook

Нариман нағашы атасы мен апасының қолында өскен. Анасы баласын туа сала ата-анасына бере салған. Алайда, балалық шағында ата-әжесінің сүйікті немересі болып өскен ол, бәрібір де психологиялық жарақатқа шалдыққан. Ер адам өзін анасына керексізбін деп сезінген.

"Білуімше, менің анам мен әкем заңды түрде некеде тұрған. Алайда, мен дүниеге келмес бұрын олар ажырасып кетіпті. Естуімше, әкем анамды жүкті кезінде де ұрып-соғатын болған. Сол себепті анам одан кетіп қалған.
Мен дүниеге келген соң, ол мені нағашы ата-әжеме табыстап, өзі Балқашқа кетіп қалады. Ол жерде бірнеше жылдан соң қайтадан тұрмысқа шығып, отбасылы болады. Мен ата-апамның тәрбиесінде болдым. Олар мен десе ішкен асын жерге қоятын. Алайда мен бір күні мені анам алып кетеді деп ұзақ күттім" , - деді Нариман.

Ол бес жасқа толған кезінде анасы ұлын іздеп келген. Алайда, бұл кездесу Нариман ойлағандай өтпепті. Әйел адам өз туған баласына жылы лебіз танытпай, оған інісі секілді қараған.

"Екінші некесінде анам тағы ұлды болды. Ол бізге қонаққа сол баламен келетін. Бірақ, мен оған мүлде керексіз болып шықтым. Ол бір рет те мені ұлым деп атамады. Мен кішкентай болсам да, сол кезде не болып жатқанын түсіндім. Анам менен одан бетер алыстай берді.
Ішкі жан дүниемде болып жатқан жағдайлар менің өміріме өз кері әсерін тигізді. Мен мектепте бұзақылық көп жасай бастадым. Қыздардың артынан ерте жүгірдім. Бәрі менен алшақтанып жүруге тырысатын. Кейбірі тіпті менің адам болмайтынымды бетіме баса айтатын" , - дейді ер адам.

Өзін онсыз да жалғыз сезініп жүрген Нариман ата-әжесі қайтыс болған соң, өзін күллі әлемге керексіз сезінді. Тоғызыншы сыныпты тәмамдап үлгерген бала даңғарадай пәтерде бір өзі қалып қойған. Ең жақын адамдарын жер қойнауына тапсырып, ол мүлдем жаман жаққа қарай бет бұрған.

"Тоқсаныншы жылдардың басы еді. Мен нашар адамдармен байланыстым. Бұл уақытта мені мектептен мені қуып шыққан болатын. Жігіттермен жиналып алып, бай-бағландардың балаларын соққыға жығып тұратынбыз. Рэкетпен айналыстық.
Киім-кешектерін, көлігін, тіпті тамағын тартып алудан тайынбайтынбыз. Мен сол кезде қалайша түрмеге отырып қалмадым деп әлі күнге дейін таңғаламын. Көп таныстарымды абақтыға отырғызып тастады. Сол кезде мен криминалға жоламаймын деп шешіп, жұмысқа орналастым. 18 жасымда бірінші әйеліммен таныстым" , - деді Нариман.
"Білмеймін несімен мені баурап алғанын, бір қарағанда анама ұқсайтын сияқты болып көрінді. Мен болсам, тек қана отбасылық жайлы өмірді қаладым. Ол өзіне адам баласын жуытпайтын еді. Кездесіп жүргенімізде оған қымбат сыйлықтарды сыйладым. Ал төрт айдан соң біз үйлендік" , - деп айтты жігіт.

Алайда, Нариманның отбасылық өмірі өзі арман еткендей бола қойған жоқ. Әйелі өте талапшыл әрі анасының айтқанымен жүретін қыз болып шыққан.

Біз ата-әжемнен қалған пәтерде өмір сүрдік. Ол бала босанған соң, адам танымастай өзгеріп шыға келді. Ол кезде мен зауытта қызмет еттім. Ол ештенеден таршылық көрмеді.
Осыған қарамастан, ол бәрібір де менің тапқаныма риза болмады. Әрбір қолайлы сәтте енем келіп, үйімізде жанжал шығаратын. Нәтижесінде, екінші ұлымыз дүниеге келген соң, біз ажырасып кеттік. Пәтерді мен оларға тастап кеттім" , - дейді ер адам.

Баспанасыз қалған азамат ішімдікке салынып, жұмыстан да шығып қалады.

"Жұмыстан қуылған соң, одан бетер көп іше бастадым. Қиын сәттерімде мен анамды іздеп тапқым келетін. Себебі, ата-әжем қайтыс болған соң, біз мүлде араласуды қойдық. Алайда, мен оның мекен-жайын білмедім.
Жағдайдың ушыққаны соншалық, мені жатақханадан да қуып шықты. Мен далада немесе достарымның үйінде түнеп жүрдім. Солай мен еңбек құлдығына түстім. Бірнеше жыл Қарағанды маңындағы қыстақта жұмыс істедім. Біреудің малын бақтым. Ал ақысы ретінде маған тамақ пен жатар жерді қамтамасыз етті. Мені ұрмайтын, тек үнемі арақ ішкізетін.
Бір уақытта мен бұлай өмір сүре беруге болмайтынын ұқтым. Қыстақтан қашып, қалаға қайта оралдым. Жұмысқа орналасып, екінші жарыммен таныстым. Ол да ажырасқан, төрт баласы бар еді. Ол маған қатты ұнап қалды. Мен бірден оған да, балаларға да сыйлықтарды жаудырдым. Осылайша мен екінші рет шаңырақ көтердім" , - деді Нариман.

"Екінші некесінде Нариман он жыл тұрған. Ол әйелінің балаларын өз туғанындай көріп өсірді. Он жылда ол балаларды оқыту үшін және біреуіне той жасап беру үшін үш мәрте несие алады. Төрт баласы да аяққа тұрған шағында, әйел адам Нариманды үйден қуып шыққан.

"Ол мені екеуміз сатып алған үйден қуып шықты. Мен несие үшін айына 100 мың теңге төлеп отырған кезім еді. Сол себепті, соңғы жылы мүлде ақша әкелмейтінмін. Бірақ, ол несиені мен бір өзім үшін емес, отбасымыз үшін алдым ғой. Біріншісін үй аларда, екіншісін ұл үйленерде алдым. Ал сосын, қызымыз оқуға түсетін болды. Оған үшінші мәрте несие алуға мәжбүр болдым
Мен өз туған балалрыма мұндай жақсылық жасамадым. Сонда мен оған ақшаға бола керек болғаным ғой" , - деп мұңын шақты Нариман.

Соңғы төрт жылдан бері Нариман Қарағанды маңындағы ауылда тұрып жатыр. Ол сол жерде жұмысқа тұрып, үйді жалға алып отыр. Әйелдермен оның әлі де жолы болмай жүрген көрінеді. Жаңа таныстықтары әдеттегідей сыйлықтардан басталып, айырылысумен аяқталуда.

Меніңше, мен әйел адамның махаббатын сатып алуға тырысамын. Бұл бала кезден бері келе жатқан дүние. Мені жақсы көру үшін, мен олардың махаббатына ие болу үші, бағалы сыйлықтар табыстаймын. Анам тастап кеткен соң, мен өзіме жылы лебіз танытатын жанды іздеп әлек болдым. Ақыр-соңы анамды іздеп таптым. Ол Балқашта тұрады екен. Төрт баласы бар. Алайда, ол жалғыз тұрады екен.
Оны іздеп барғанымда, мені мойындамай қойды. Ол мендей баласы жоқ екенін айтты. Құшақтамады, бетімнен де сүймеді. Осыншама жылдар бойы қалай өмір сүргенімді де сұрамады. Ол мені не үшін сонша жек көретінін білмеймін? Тіпті, жануарлар да баласын іздейді ғой.
Оған қоса, ол менің өмірімді құртты. Оны ойлап қалсам, бірден ішімдікке салынамын. Ешкімге кересіз болғандықтан, кейде өліп кеткім де келеді. Маған түсіністікпен қарайтын келіншекті кезіктіргім келеді ", - деп сөзін қорытындылады Нариман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1770117-anasy-tastap-ketken-karagandylyk-zigit-auyr-balalyk-sagy-zajly-zan-syryn-ajtty/