Ақтөбелік жастар шапан киіп, жаңа жылда мұқтаж отбасыларға сыйлық таратты (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбеде қазақтың шапаны мен кәжекейін киген бір топ ерікті жастар мұқтаж отбасыларға бір айға жететін азық-түлік таратты. Жастар жаңа жылды осылайша ерекше атап өтуді ойластырған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
"Біз ата-бабамыздан аманат болып қалған ұлттық киімімізді киіп мұқтаж жандарға қол ұшын созғымыз келді. Аяз ата балаға бір сәттік қуаныш сыйласа, біз үлкен отбасыға бір айға жететін азық-түлікпен қамқорлық жасауды ойладық.
Балалар тоқ болсын, бақытты болсын. Ауызбіршілігі мол қазақ халқының бір мінезін осылай көрсеткіміз келді. Жалпы соммасы 75 мың теңгедей қаржы жиналды. Бұл бес отбасыға күнделікті тұтынатын азық-түлік алуға жетті. Алған заттарымызды таратуға көлік іздеп, әлеуметтік желіден ақпарат таратқан болатынбыз.
Қаламыздағы танымал автоклуб көліктерімен келіп, алдағы уақытта да қол ұшын созатындарын айтты. Азық-түлікті қаланың әр шетіндегі отбасыларға тегін жеткізіп берді", - дейді топ жетекшісі Әлішер Садық.
Жастар жақсылықтың осылай жалғасатынына қуанатындарын айтты. Студенттер мен жас мамандардан құралған еріктілер тобы қаражатты шамалары келгенше қалталарынан шығарып жинаған.
"Жиі айтылатын "Рухани жаңғыру" шынайы, әрі ұдайы болса дейміз. Біздің жастарымыз көмекке мұқтаж отбасылардың алғысы мен батасын алды. Айнала қуанып жатқанда жаңа жылда қазан түбін, қаптың түгін қырып отқан отбасы болғанын қаламадық", - дейді жастар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1771309-aktbelik-zastar-sapan-kiip-zaa-zylda-mktaz-otbasylarga-syjlyk-taratty-foto/