Талғат Мұсабаев кәсіпкер Бақыт Ниязовты сотқа берді
Жарияланған күні:
Ғарышкер және парламент сенатының депутаты Талғат Мұсабаев ғайбат сөздер таратқаны үшін кәсіпкер Бақыт Ниязовты сотқа берді деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасаған NUR.KZ.
Ғарышкер моральды өтемақы ретінде 10 миллион теңге талап етіп отыр. Ниязовтың "Нұр Отанға" жазған хаты Талғат Мұсабаевты сотқа жүгінуге мәжбүр еткен.
Сонымен қатар, кәсіпкер Талғат Мұсабаевты өзіне қысым көрсетті, ал оның қарындасы Гүлнар Мұсабаева рейдерлік танытты деп айыптаған болатын.
Ниязов 2013 жылы Алматы тауларында үй тұрғызуға 300 млн теңге қаржы салған. Ал ол жерлердің иесі Виктор Морозов пен Гүлнар Мұсабаева болып шыққан.
2016 жылы Ниязов үлестерін сатып алып, бонус есебінде соғылып жатқан кешеннен бірнеше пәтер сыйға тартатынын айтқан.
Олар келімшарт жасасқан. Алайда кәсіпкердің айтуынша, Талғат Мұсабаевтың туыстары өз позицияларын қайта қарап, екі млн доллар ақша сұраған.
Өткен жылдың шілде айында Талғат Мұсабаев Алматы әкіміне барып, кәсіпкерді жауапқа тартуды сұраған. Сөйтіп, Ниязовты жер телімдеріне иелік ету құқынан айыруды талап етіпті.
Кәсіпкер болса өзіне қысым көрсетіп жатыр деп "Нұр Отанға" шағымданған.
Мұсабаев бұл жайында ештеңе білмейтінін мәлімдеп, 31 арна тілшілеріне сұқбат беруден бас тартқан. Азаматтық іс қаралған алғашқы сот отырысында сот істі аудандық сотқа жіберді.
"Мен "Нұр Отан" партиясына жүгініп, этика тұрғысынан осы әрекеттерге баға беруді сұрадым. "Нұр Отан" партиясының мүшесі, беделді азамат сот процедураларынан аттап, Алматы әкімінен мені жерге иелік ету құқынан айыруды талап етуі этика жағынан қаншалықты дұрыс екеніне төрелік етуді сұрағанмын", - деді Бақыт Ниязов.
Дереккөз: 31 арна
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1772444-talgat-msabaev-ksipker-bakyt-niazovty-sotka-berdi/