Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сәлем салу" Аллаға серік қосуға жата ма?

Жарияланған күні:

Келіннің иіліп сәлем салу тақырыбы жұрт талқысына түскен кезде, неше түрлі ой-пікір айтылады. Бірі "дұрыс" дейді, енді бірі "бұрыс" дейді, "ескіліктің сарқыншағы", "Алла Тағалаға серік қосуға жатады" деп те айтып жатады. Көпшілік көкейіндегі сұраққа белгілі исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы жауап берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Фото:kaz.nur.kz
Фото:kaz.nur.kz: Instagram

"Келіннің сәлем салуы шариғатқа қайшы ма?" деген сауалымызға белгілі исламтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлы жауап берді. 

"Әрбір амал ниетке байланысты. Жалпы, құрмет ниетімен сәлем салу ширк амалына жатпайды. Сәлем салу атауының өзі біреуге табыну немесе құлшылықты емес, амандасуды білдіріп тұр. Иіліп сәлемдесуге ешбір танымал ислам ғалымы "ширк" деп үкім шығармаған", - дейді исламтанушы.

Оның айтуынша, құрмет ниетімен иілудің Аллаға серік қосу яки харам емес екендігін сахих хадистермен дәлелдеуге де болады. 

"Мәселен, Исламда тақуа яки сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ниетімен қолын сүюге рұқсат бар. Сахабалардың пайғамбарымыздың, тіпті бір-бірінің қолдарын сүйгендігі жайлы көптеген сахих хадистер бар. Қол сүйетін адамның кісі алдында бел бүгіп, иілетіні сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы "ширк" яки "харам" демеген.
Егер жалпы иілу харам болғанда қол сүю арқылы құрмет көрсету де харам болар еді. Сөз түйіні, құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам яки Алла Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл - қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндет те емес", - деді Қайрат Жолдыбайұлы. 

Ол қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмағанын атап өтті. Сондықтан ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқан бұл үрдісті ширкке балап, елдің шырқын бұзу әсте дұрыс емес деп санайды.

"Тағы бір қаперге алатын жайт, келіннің ата-енесі мен сол әулеттің үлкендеріне құрмет көрсетіп, ізет білдіруі - тек қана сәлем салумен өлшенбейді. Оның жеке басының имандылығы мен бойындағы басқа да адамгершілік қасиеттерін басты назарда ұстаған жөн", - деді исламтанушы-ғалым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1772815-slem-salu-allaga-serik-kosuga-zata-ma/