Ақтөбелік адвокат қазақ тілі үшін өз әріптестерін сотқа берді
Жарияланған күні:
Ақтөбелік адвокат Нұрбибі Есмағанбетова тек орыс тілінде жазылған адвокаттар алқасының жаңа жарғысын талқылау жиынында ана тілінде пікірін білдіре алмаған. Әйел құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасын сұрағанымен, оған ешкім мән бермеген. Өзгенің құқығын қорғап жүрген жан қазір өз құқығының тапталғанына күйінді деп хабарлайды КТК арнасы.
Ал жарғының тек ресми тілде әзірленгенін президиум төрайымы да растап отыр. Адвокаттық істердің барлығын қазақ тілінде жүргізетін Нүрбибі Есмағанбетова енді өзінің әріптестерінің үстінен сотқа арыз бермек.
Өйткені облыстық адвокаттар алқасы жаңа жарғыны тек ресми тілде әзірлеп, жиын кезінде оны қазақша талқылауға қарсы болған.
"Тіл туралы заң бойынша алдымен, әуелі қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде жарғы дайындалу керек. Содан кейін барып, ол өзге тілдерге аударылуы керек. Осы заңсыздықтар бұзылғаннан кейін осындай әрекетке баруға мәжбүр болып отырмын", - дейді адвокат Нұрбибі Есмағанбетова.
Адвокаттар алқасындағылар жарғыны заң бойынша мемлекеттік тілде әзірлеу міндетті емес деп отыр. Егер алдын ала өтініш білдіргенде, қазақшаға аударып беретінін де айтты.
"Иә, мемлекеттік тілде жарғы болған жоқ. Біз бұлай біреуді кемсітуді көздемедік. Егер Нұрбибі Абдуллақызы ертерек өтініш білдіргенде, аударып берер ме едік?", - деді Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасы төралқасының төрайымы Раиса Якубенко.
Нұрбибі Есмағанбетова мемлекеттік тілде жазылмаған жарғыны да, құжатты талқылаған жиынды да заңсыз деп тануды соттан сұрап отыр. Ол процестің қашан басталары әзірге белгісіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1773190-aktbelik-advokat-kazak-tili-sin-z-riptesterin-sotka-berdi/