15 жасында алып қашудың құрбаны болған шымкенттік әйел мұңын шақты
Жарияланған күні:
8 сыныпта оқып жүргенде тұрмысқа шыққан Зәмира Қантөреева бүгінде 27 жасқа келген. Келіншекті сәби күнінде анасы тастап кетсе, бүгінде күйеуі де далада қалдырған деп жазады "Замана" басылымы.
Зәмира Қантөреева он жылдан бері жеке куәлігін ала алмай жүр. Құжатының жоқтығынан келіншек күйеуінен алимент те ала алмай отыр.
Келіншектің айтуынша, анасы мен әкесі Шымкент қаласында бір жылдай уақыт бірге тұрғанымен, араларында заңды некелері болмаған. Жүктіліктің тоғызыншы айы тақағанда әкесі анасын ауылға алып келеді.
Ақсукент ауылында босанған анасы көп уақыт өтпей Зәмираны күйеуінің туыстарына тастап кеткен. Сөйтіп кішкентай Зәмираны әкесінің анасы Шолпан Үсіпбекова 15 жасына дейін асырап-бағады.
"Шешемнің мені тастап кетуінің себебін де білмеймін. Үйдегілерден сұрасам, "жастықпен болған дүние" дегенді ғана айтады. Анамның туған-туысқандары туралы да ештеңе білмеймін. Әкемнің айтуынша, оның аға-жеңгесі мен бір әпкесі болған. Өзі Шәуілдірдің қызы көрінеді. Содан басқа толыққанды ақпарат жоқ. Іздестіріп те көрдім. Базада да тіркелмеген, өлі-тірісі белгісіз", - дейді Зәмираның өзі.
Зәмираның туу туралы куәлігінде анасының есімі Қантөреева Гуля Тұрғарақызы деп көрсетілген. Анасының аты-жөні көрсетілгенімен, өзінің жоқтығы Зәмираның жеке куәлік алуына кедергісін тигізіп отыр.
Құжат алу мақсатында туу туралы куәлігі мен қажетті анықтамаларды жинақтап алып барған да, одан анасының құжатын әкелуін талап еткен. Себебі ата-анасы заңды некеде болмағандықтан, Зәмираға анасының тегі беріліпті.
"Қайда барсам да "анаңның құжатын", "тым болмағанда көшірмесін алып кел" дегенді айтады. Ал мен ол кісіні қайдан табамын? Тұратын жерін білмеймін, туған-туыстарын танымаймын, тіпті суреті де жоқ. Ал әкемнің тегі бөлек. Оның әкем екенін қалай дәлелдеймін?", - деп ашынады келіншек.
Сонымен қатар, келіншек неліктен 16 жасында жеке куәлік алмағанын да түсіндіре кетті. Айтуынша, мектепке 8 жасқа жақындағанда барған Зәмираны 8-сыныпта оқып жүргенде алып қашқан екен. Ол кезде Зәмира 15 жаста болған.
"Ағайын-туыстар "қайта келген қыз жаман" деп мені сол үйде қалдыруды шешті. Әкем басқа әйелмен бір ажырасып, бір қосылып жүргенде маған қарауға мұршасы болмады. Ал әжем болса, ол кезде дүние салған. Сөйтіп сол жақта қалып кеттім. Күйеуім өте қызғаншақ болды. Үйден шығармайтын, ешқайда жібермейтін. Мал бағатын. Бірақ көбіне-көп өзі кетіп қалады да, малға мен қарап қалатынмын. Сөйтіп жүріп дер кезінде құжат ала алмай қалдым", - дейді Зәмира.
Ол күйеуімен заңды некеге де тұрмаған. Оған себеп - тағы да құжатының жоқтығы еді. Тұрмысқа шыққан соң мектеп табалдырығын қайта аттамаған Зәмира сол күйі аттестат та алмаған.
Тоғыз жылдан кейін Зәмира жарымен ажырасып кетеді. Айтуынша, оның ішкілігіне, ұрып-соққанына шыдай алмаған. Ол кеткен соң күйеуі оны іздемеген, балаларын көруге келмеген көрінеді.
Қазір Зәмира айына 35 мың теңге төлеп, бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатыр. Өзі үш баласымен үйде, себебі, төртіншісіне аяғы ауыр.
"Күйеуіммен айрылысқан соң, құжатсыз болғандықтан жұмыс табу қиын болды. Тапқан жұмысымнан алатын айлығым мардымсыз еді. Арзандау пәтер жалдап тұрсам да, қалтам көтермеді.
Ал туыстарымнан, әкемнен, қайын жұртымнан, бұрынғы күйеуімнен әлі күнге дейін еш жәрдем жоқ. Қаржы жағынан қатты қиналып жүрген кезімде бір жігіт кездесіп, көмек берді.
Сөйтіп, соның етегінен ұстауға мәжбүр болдым. Әйтеуір азды-көпті ас-суымызды әкеліп, пәтерақыны төлеп тұрды. Бірақ мұсылманша некеміз қиылғанмен, құжатымның жоқтығынан заңды некеге тұра алмадық.
Өкініштісі, оның туған-туыстары мені қабылдамады. Ақыры арамызда бала болатынына қарамастан бізді ажыратып жіберді", - деп түсіндірді келіншек төртінші жүктілігін.
Енді Зәмира қайда барып босанатынын білмей дал болуда. Өзі жүктіліктің алтыншы айына аяқ басыпты. Ешбір емханада тіркелмеген. Оның себебі де белгілі.
Қазір тағдыры шырғалаңға түскен келіншек мейрамхананың едені мен ыдысын жуып күнелтуде.
"Қиналып кеттім. Әкеден де, ағайын-туыстан да қайыр жоқ. Босанған соң да қайтерімді білмеймін. Балаларымды "интернатқа уақытша орналастырсам ба" деп те ойлаймын. Себебі тығырықтан шығар жол таба алмай отырмын.
Оның үстіне пәтерақы, коммуналдық қызметтің төлемақысы да жиналып жатыр. Ертең бізді пәтерден шығарып жіберсе, далада қаламыз ба деп қорқамын. Азық-түлік, киім-кешек жетіспеушілігі тағы бар.
Құжатым болғанда осындай күйге түспес пе едім? Не болса да бірінші кезекте өзімнің жеке куәлігімді жасатуым керек. Содан соң ұлыма туу туралы куәлік алуым қажет", - дейді жан сырын ақтарған Зәмира.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1773481-15-zasynda-alyp-kasudy-krbany-bolgan-symkenttik-jel-myn-sakty/