"Ол қылмыскер емес": Толыбаеваның анасы сот залында жылап жіберді
Жарияланған күні:
Денис Теннің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырылған Жанар Толыбаеваның анасы сот залында жылап жіберді. Ол қызына қатысты шығарылған үкіммен келіспейтінін жеткізді деп жазады NUR.KZ.
Бүгін Алматыдағы қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған сотында судья Кеңшілік Абельдинов қазақстандық спортшының өліміне қатысты айыпталушыларға қатысты сот үкімін оқыды.
Қылмыстық істе үшінші күдікті болған Жанар Толыбаева "Қылмысты жасырып қалу" бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Бұл ауыр жаза. Менің қызым қылмыскер емес. Қылмыскер деп ойламаймын. Ол ешқашан қылмыс жасамаған. Ол - үлгілі мұғалім. Бұл жай ғана жазатайым оқиға болды", - деді көз жасына ерік берген Жанардың анасы.
Айта кетерлігі, Денис Теннің өліміне қатысты сот процесі екі аптадан астам уақытқа созылды. Күнделікті жүріп тұрған сот отырысында оқиғаға қатысы бар көптеген куәгерлерден жауап алынды.
Денис Теннің анасы мен жәбірленуші жақтың қорғаушысы сот пен қалың көпшілікті қылмыстың тапсырыспен жасалғанын сендіруге тырысты.
Оксана Тен тергеу амалдарына қанағаттанбағандықтан, оларды қайта жандандыруды талап еткен болатын.
Күні кеше ғана болған сотта екі тарап арасында жарыс сөздері болып өтті. Оған қоса, сотталушылар өздерінің соңғы сөзін айтты.
Нұралы Қиясов өзін кешіруін өтініп, кез келген жазаға көнетінін жеткізді. Ал жүкті Жанар Толыбаева болса соттан әділ шешім қабылдауын сұрап, өзін әлдекімдердің келіп қорқытқанын жайып салды.
Жәбірленуші жақтың адвокаты Нұрлан Өстеміров Толыбаеваға 20 жыл беруді сұраған болатын. Қорғаушы күдікті қызды жантүршігерлік қылмыстың басты ұйымдастырушысы деп санайды.
Денистің көлігінен айнаны шешіп алған Арман Құдайбергенов өзінің соңғы сөзінде танымал спортшыны періштеге теңеп, ұлы тұлғадан айырылып қалғанына өкінетінін айтқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1773783-ol-kylmysker-emes-tolybaevany-anasy-sot-zalynda-zylap-ziberdi/