"Бүйтіп жіберемін": Белгілі журналист Қоянбаевтың фильмін қатаң сынға алды
Жарияланған күні:
Отандық танымал журналист Арман Сқабылұлы жақында ғана көрерменге жол тартқан Нұрлан Қоянбаевтың фильмін сынап тастады. Ол "Бизнес по-казахски в Африке" картинасында сценарийдің логикаға сай емес екенін, әзілдердің тым арзан түрі қолданылғанын алға тартты. Бұл туралы продюсер өзінің Facebook парақшасында жазған деп хабарлайды NUR.KZ.
Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне алаңдаған Арман Сқабылұлы қазіргі уақытта ұятсыз ишараттардың экран бетіне шығып кеткеніне қынжылды.
"Бала кезімізде "бүйтіп жіберу" дегенді бұзақы балалардан үйреніп, үйге келгенде қайталап, әкемізден оңбай шапалақ жегеніміз бар. Ол әркімнің–ақ басынан өткен шығар...
Басқаларда қалай екенін білмеймін, қазақ баласы үшін ең азғын, ең ұятсыз ишарат /жест/ - осы "бүйтіп жіберу". "Анау ананы бүйтіп жіберіпті", "бүйтем депті", "мен сені бүйтіп жіберемін" деп алақанымен жұдырығын ұрғылаған азғындық енді киноға жетті", - деп күйінді белгілі продюсер.
Дегенмен, Арман мырза көңілінен шықпаса да отандық фильмдерге баратынын айтып, Ерке Есмаханның картинасы көңілінен шыққанын жеткізді.
Алайда ол Нұрлан Қоянбаевтың фильмін аса қатты ұната қоймаған сыңайлы. Өйткені, логикаға келмейтін сценарий мен арзан әзілдер Сқабылұлының көңілінен шықпаған.
"Кеше Нұрлан Қоянбаевтың әйгілі «Бизнес по-казахскийінің» үшіншісіне бардым. Әшейінде үш-төрт адам шоқиып отыратын зал лық толды. Көпшілігі - балаларын жетектеген қазақтар.
Сценарий мүлдем жоқ, болса сол КВН-да жыртыңдап айтылған арзан әзілдердің өңін айналдыра салған үзінділері. Оқиғасы ешқандай логикаға келмейді.
Келсе, айдалада танысқан негрдің сөзіне алданып екі қазақ сөмке арқалап...иә, сөмке арқалап Африка асып кетер ме еді? Диалогтарын тыңдап, қор болған тілді ойлап еңіреп жылағың келеді", - деді журналист.
Одан бөлек, Арман Сқабылұлы "бүйтіп жіберемін" деген ишараттың фильмнен көрініс тапқанына өкінішін білдірді.
"Құрысыншы, оған да көндік. Бұларға "тәйт" дейтін ешкімнің жоқтығына көз үйренген. Мәдениет саласы басшыларының өзі "олар өз ақшасына түсірген, ештеңе дей алмаймыз" деп қол қусырып отырса.
Ең сорақысы әлгі екі қазақ Африкада сөмкелерін арқалап, шәй ұрлап жүргенде болды. Олар қолға түседі. Құтқарып алуға Қоянбаевтар келеді.
Екі арадағы келіссөздер кезінде африкалық тайпаның көсемі біздің ыржақайға "бүйтіп жіберемін" деп алақанымен жұдырығын періп келіп қалады. Ыржақай шошып кетеді ("бүйтіп" жібергенде дұрыс болар ма еді?).
Абырой болғанда, әлгі тайпаның тілінде бұл ишарат "сыйлау, құрметтеу" дегенді білдіреді екен. Енді ыржақай да алақанымен жұдырығын ұрып, "бүйтіп жіберемінді" қайталап жатты. Зал толы күлкі. Әке де мәз, ана да мәз, бала да мәз...
...Кинодан шығып барамыз. Бір кішкентай бала "бүйтіп жіберемінді" қолымен қайталап барады. Анасы басынан сыйпап, күлді де қойды.
Есіме әкемнің шапалағының түскені. Бұларға да сондай бір шапалақ керек болды. Өздері ғана емес, көрерменді де аздырып бітті! Деградация! ",- деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1774262-bjtip-ziberemin-belgili-zurnalist-koanbaevty-filmin-kata-synga-aldy/