Қазақстанда кімдердің ипотекалық қарызы кешіріледі?
Жарияланған күні:
Алматыда ұлттық банк жанындағы жұмысшы топтың отырысында төрт категориядағы адамдардың ипотекалық қарызы кешірілетіні белгілі болды деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Арнайы бағдарлама қабылданған жағдайда ипотекалық қарызы бар мүгедектер мен толық емес отбасылар және ардагерлердің қордаланған қарыздары кешірілуі мүмкін.
Осындай бастаманы қоғамдық ұйымдар бірнеше мәрте көтерген.
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі Өскеменнен арнайы келген Үміт Бағиянованың несиелік берешегін жеңілдету үшін заң тұрғысынан көмек көрсетпекші.
Борышкер 2006 жылы екінші деңгейлі банктердің бірінен 198 мың АҚШ доллары көлемінде несие алған. Шетел валютасымен алғандықтан, девальвация кезінде қарызы екі есеге артқан. Екі бірдей баспананы кепілге қойғаны жағдайды ушықтырып тұр.
"Бауырымның жеті баласы бар. Екінші топтағы мүгедек, мен жалғызбасты анамын. Бірігіп жұмыс істемек болып, дүкен алдық. Енді осы бағдарлама аяғына дейін көмектеседі деп сенемін. Туыстарымның үйлерін банк қайта-қайта сатуға қояды, үйден айырылып қала ма деп қорқамыз", - деді Үміт Бағиянова.
Ұлттық банк жанынан құрылған жұмысшы тобының мүшесі Шолпан Ризабекованың айтуынша, бұл бастама көптен бері көтеріліп келеді.
Алайда дүйсенбі күні өткен кезекті жиында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған борышкерлердің қарызын кешіруге екінші деңгейлі банктер мен бас қаржы реттеуші келіскен.
Жалпы өздері төлей алмайтын жағдайдағы 1, 2-топ мүгедектер, толық емес отбасылар, соғыс ардагерлері мен зейнеткерлердің мәселері шешілуі мүмкін.
Қоғамдық бірлестік төрайымының есебінше, осы категорияға Алматы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан, Атырау және Павлодар өңірлеріндегі екі мыңға жуық адам жатады.
Қайта қаржыландыру бойынша 25 мың борышкердің қарызы қайта қаралған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1774613-kazakstanda-kimderdi-ipotekalyk-karyzy-kesiriledi/