Қазақ белсенділері мен зиялы қауым өкілдері оралмандар жайлы мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Соңғы уақытта қазақстандықтарды Қытайдағы қандастар мәселесі алаңдатып жүргені рас. Алайда көпшілік әлеуметтік желідегі жалған ақпарат пен анықталмаған дерекке сеніп, бұл жағдайдың одан әрі ушығуына себепкер болуда. Осыған байланысты, қоғам белсенділері оралмандар мен Отанына келе алмай жүрген этникалық қазақтар туралы мәлімдеді жасады деп жазады NUR.KZ.
"Бәрімізге мәлім, кейінгі жылдары Қытай еліндегі қандастарымыздың тағдыры тым күрделеніп кетті. Тәуелсіздік алғаннан бері қалыпты деңгейде жұмыс жасап келе жатқан көші-қон мәселесінде аяқ астынан туындаған келеңсіздіктер салдарынан, екі ел арасында заңды құжатпен жүрген бір отбасы мүшелерінің екіге бөлініп қалғанын көзіміз көріп отыр.
Бұл істің екі елдің достық қарым-қатынасы аясында шешілуі соншалық қиын мәселе еместігі айдан анық.
Бірақ, бұл іс әлі толық шешімін таппай отыр. Осы орайда, әлеуметтік желіде жасырын атпен отыратын адамдар, дәйектелмеген ақпараттарды, әртүрлі өсек-аяңдарды өрістетіп, қытайдағы қазақ мәселесін шиленістіріп отқа май құюда.
Олардың арасында қытайдың құпия мекемелеріне қызмет ететіндердің де бар екендігі күмәнсіз. Бұдан еліміздің тыныштығын бүлдіріп, Қытайдағы қандастарымыздың жолын жабуды көздеп отырған арнайы күштердің бар екендігін түсінуге болады. (Бұл мәселемен құзырлы орындар айналысып, елімізде әрекет етіп отырған жат ниетті топтарға тосқауыл қоюға тиіс.)
Кейінгі жылдары көші-қонға байланысты бой көрсете бастаған осындай айқай-ұйқайлар екі ел арасындағы саяси аxуалға да өз салқынын тигізгендігі күмәнсіз.
Соған орай Қытайдағы қандастарымыз тағдыры бірден күрделеніп кетті. Біз бұған бірден бір жауапты Қытай билігі деп білеміз. Сонымен қатар мұндай келеңсіздіктердің туындауына жекелеген тұлғалар мен кейбір қоғамдық ұйымдардың саяси мәні бар осы күрделі мәселеге орынсыз, әрі сауатсыз араласуы да себеп болуда.
Бәлкім, ниеттері дұрыс та шығар. Бірақ бұл көшеде шешілетін мәселе емес қой. Алайда, осы нәзік мәселені кейбіреулер өздерінің түсінік деңгейінде шешкісі келеді.
Ал ондай саяси сауатсыздықтың қашан да кері әсері болатындығы күмәнсіз. Солай бола тұра бұл мәселеде айрықша белсенділік танытып жүрген топтар аз емес. Сондай қоғамдық ұйымның бірі – "Атажұрт еріктілері".
"Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымның атқарған жұмысынан гөрі дақпырты көп. Ішкі дау-дамайлары да оралмандарды жік-жікке бөлгенін көзіміз көріп отыр. Бір-бірін орынсыз қаралау, ғайбаттау, өздеріне тілеулес болмағандарға кінә арту бұл ұйым тарапынан күн санап өрістеп барады.
Соның салдарынан, қазір оралмандар бір-біріне күдікпен қарайтын, ал оралмандар десе жергілікті халықтың көңіліне күдік ұялайтын жағдайға жетті. Ал мұндай дау-дамайдың мемлекетіміз жүргізіп отырған көші-қон саясатына кері әсер етері күмәнсіз.
Сондықтан көші-қон мәселесін қоғамдық ұйымдар емес, биліктің өзі шешкені жөн деп білеміз.
Жалпы оралмандар мәселесі кім көрінгеннің өздеріне ұпай жинайтын жері емес, екендігін кімге де болсын ескертеміз. Бұл – ұлттық мәселе. Сондықтан бұл мәселені билік назарына ұсыну – біздің борышымыз", - делінген төменде аты-жөндері аталған қоғам белсенділері жазған хатта.
М.Шаханов, Қазақстанның Халық жазушысы, «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері, «Түркі әлемі Зиялылар Одағының» төрағасы; М.Мырзахметов, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Ғ.Қабышұлы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі; Т.Медетбек, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; С.Батыршаұлы, Астана қалалық «Мемлекеттiк тiл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор; А.Сарым, саясаттанушы; қоғам қайраткері; К.Әмірбек, сатирик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; Р.Жұмалы, саясаткер, қоғам қайраткері; Ә.Ғали, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы; М.Тайжан, саясаттанушы; қоғам қайраткері; Э.Төреханов, жазушы, қоғам қайраткері; Қ.Біләл, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері; Ж.Кенебай, «Таным» пікірсайыс клубының жетекшісі; С.Әбілдаханқызы, журналист, «Ақжүніс-Астана» журналының бас редакторы; Д.Бабамұратов, «Болашақ» жастар қозғалысының төрағасы; М.Қалыбай, зейнеткер; А.Темірбай, ақын; «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты;
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1776138-kazak-belsendileri-men-zialy-kauym-kilderi-oralmandar-zajly-mlimdeme-zasady/