Қазақ жастары асыға күтетін әулие Валентин күні туралы не білеміз?
Жарияланған күні:
14 ақпан күні әлем жұртшылығы ғашықтар мерекесі, Әулие Валентин күнін тойлайды. Біздің елімізде бұл мейрам 15 сәуірге бекітілгенімен, жастар әлі де дәстүрлі күнді ұмытпай, бір-бірін мейраммен құттықтауды, жүрекшелер мен сыйлықтар беруді әдетке айналдырған. Ал шын мәнінде Әулие Валентин деген кім? Бұл сұраққа NUR.KZ жауап іздеп көрді.
Барлық ғашықтардың қамқоршысы болып саналатын Әулие Валентин туралы нақты ақпарат жоқ. Ал бұл ол жайында көптеген аңыз-әңгімелердің тарауына себепкер болып отыр. Кей тарихшылар, тіпті, Әулие Валентин деген екі тұлға болғанын да алға тартады.
Тарихи деректерде Валентин туралы бір-біріне қарама-қайшы деректер көп айтылады.
Кей аңыздарда Әулие ғашықтардың нағыз қорғаушысы болған дейді. Ол жас кезінде бір-бірін сүйетін жандарды қолдап, сезімдерін білдіруге, бақытты болуға көмектескен екен. Ғашықтарды табыстырып, хат жазуды, гүл мен сыйлық беруді үйреткен де осы әулие дейді жұрт.
Екінші бір деректерде Әулие Валентиннің еркектер мен әйелдердің некесін жасырын қиғаны туралы айтылады. Жалпы тарих парақтарында бұл күннің б.з.д 5-ғасырда пайда болғаны көрсетілген. Алайда, аталған мейрам оның алдында, Рим императоры II Клавдийдің заманында бастау алған екен.
Сол кезеңде император өз әскерлеріне неке қиюға, өмірге ұрпақ әкелуге тыйым салған. Ол үйленбеген, балалары жоқ сарбаздар соғыста ерекше жігермен күреседі деп болжапты. Алайда, Валентин есімді дін қызметкері бұл жарлыққа бағынбай, қалаған жандардың барлығын үйлендірген екен.
Ақырында, ғашықтардың некесін түнде жасырын қиған ол өлім жазасына кесіліпті. Ең қызығы, өмірінің соңғы сәтін күтіп жатқан Валентин түрмеде көзі көрмейтін бір қызбен танысып, ұнатып қалады. Осылайша, ол өлер алдында аруды "Сенің Валентинің" деген сөз жазылған хат арқылы сауықтырып жіберіпті.
Тағы бір аңызда Валентиннің емші болғаны, сол үшін ол түрмеге жабылғаны айтылған. Ал ол құтқарған адамдар дін қызметкеріне күнде келіп, алғыс айтылған жүрекшелер беріп жүріпті.
Бір күні хатты тауып алған түрме күзетшісі көзі көрмейтін қызын Валентин емдеп береді деп үміттенеді. Оның тілегі орындалып, жас қызының көзі шайдай ашылады.
Дегенмен ол көзі көрген соң ол бірден Валентинге ғашық болып қалады. Алайда, олардың махаббаты ұзаққа созылмаған. Себебі, 14 ақпан күні Валентин өлім жазасына кесіліп кетеді.
Енді бір аңыз-әңгімелерде Әулие Валентиннің гей болғаны, ол II Клавдийдің сарбаздардың үйленбеуі туралы жарлығына бағынбай, ер-азаматтардың, яғни, біржыныстылардың некелерін қиғаны айтылады.
Бүгінде бұл мереке әлемнің көп елдерінде тойланады. АҚШ пен Еуропа елдері айтулы датаны 18-ғасырдан бастап мейрамға айналдырған. Десе де, Германияда бұл күнді психикалық ауытқуы бар адамдардың мерекесіне балайды.
Сауд Арабиясында Әулие Валентин мерекесі атымен жоқ. Себебі, ислам діні бұл мерекеге қатаң тыйым салған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1778563-kazak-zastary-asyga-ktetin-ulie-valentin-kni-turaly-ne-bilemiz/