RU

Ақтөбелік тұрғындар саяжайды жалмаған өртті сөндіре алмай жатыр

Ақтөбедегі Кірпішті ауылында кеше басталған өрт бүгін әлі бықсып жатыр. Жеті бірдей саяжай әп-сәтте қызыл жалынның астында қалған. Өрт сөндірушілер екі тәуліктен бері жұмыс істеп жатыр деп хабаралайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: UGC

Саяжайдағы кейбір баспаналардың түгі қалмай жанып кеткен.

"Өрттің қайдан шыққаны белгісіз. Үш адам болып, үйдің ішінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан болатынбыз. Даладағы өртті көргенде бәрін тастай қаштық. Екі күн бұрын ғана баспанамның төбесін жапқан едім. Қазір үйім сау-тамтығы қалмай жанып кетті", -дейді Берік Ақшолақов.
Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: UGC

150 адам жабылып жүріп 40 га аумақты алған өртті 1 сағаттың ішінде әрең сөндірген.

Бірақ әр бұтаның түбінде бықсып жатқан жерлер әлі де бар. Маңдай терімен тұрғызған баспаналары,  еккен алма ағаштары, өрік, құлпынайлардың түгі қалмай жанып кеткеніне іші удай ашыған тұрғындар өртке газ қызметкерлерін кінәлап отыр.

"Осы маңда газ қызметкерлері жұмыс жасап жатыр. Өрт те сол жақтан басталды. Апатқа  газ қызметкерлерінің қатысы болуы әбден мүмкін",-дейді "Зеленый" бау-бақша ұжымының төрағасы Владимир Одноноздрев.
Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: UGC

Саяжай  аумағында өрт сөндірушілер әлі жүр. Өрттің неден шыққанын анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

"6 мамыр күні Алматы ауданындағы саядайда құрғақ шөптің өртену оқиғасы тіркелді. Өрт аумағы 40 га. Саяжай аумағында жүрген 37 адам құтқарылды. Өрт сөндіруге барлығы 150 адам, 16 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды",- дейді төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1792956-aktbelik-trgyndar-saazajdy-zalmagan-rtti-sndire-almaj-zatyr/