Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алып қашқан жігітінен бас тартқан ару өмірінің қалай ойран болғанын баяндады

Жарияланған күні:

Талдықорғандық келіншек осыдан он жыл бұрын бейтаныс жігітпен шаңырақ көтере жаздаған. Айтуынша, айлакер азаматтың құрбаны болған ол, танып-білмейтін жанұяның шаңырағын аттауға мәжбүр болған екен. Алайда жігіт пен оның жақындарының сөзіне көнбеген ару, ақыры аталмыш жанұядан кетіп тынған. Тағдырдың тауқыметін көрген келіншектің жан сырын KAZ.NUR.KZ тілшісі тыңдап көрді.

Көрнекі фото: creu.ru
Көрнекі фото: creu.ru: Twitter

Талдықорғандық Айгүл (авт. аты-жөні өзгертілді) есімді келіншек осыдан он жыл бұрын басынан өткен оқиғаны баяндап, жан сырымен бөлісті.

Айтуынша, құрбысының ауылына қонақ болып барған оны сол күні өзінен он жас үлкен жігіт алып қашып кетеді. Алайда қайсар қыз, дегенінен қайтпай, аталмыш отбасының келіні атануына үзілді-кесілді қарсы болған.

"Өзім Талдықорғанның қызымын. Жан құрбым Текелінің жігітіне тұрмысқа шығып, соның тойына осыдан он жыл бұрын барған едім. Алайда тойға барамын деп, опық жеп қайттым. Сол күні сондағы жігіттердің бірі мені сырттай ұнатып, алып қашқан еді. Өкініштісі ол менен он жас үлкен адам болған.

Жаңа көрген адамды қабылдай алмай, барғаннан келін болып қалмайтынымды айтып, шаңырақтарында шу шығардым.

Жыладым, айғайға бастым, бірақ қалайда бұл үйден кетемін деген шарт қойдым. Қазақ болған соң, сол бұрынғы ырымға басып, әулеттің үлкен әжесі ақ орамалын босағаға жайып салды.

Жас болғандықтан, тіпті оған да қарамай, аттап өтіп, үйіме кетемін деп отырып алдым.

Соңымнан қуғыншылар келгенше осылай сес көрсеткендіктен, отбасы мүшелері мені үйіме қайтаратын болып шешті. Сөйтіп Құдай мені танымайтын елге, отбасыға келін болудан сақтап қалды", - дейді келіншек.

Алайда Айгүлдің тағдыры осы жағдайдан кейін күрт қиындап кеткен. Келіншектің сол жылы анасы қайтыс болып, тұрмыс құрған жары отбасын құрғаннан кейін бар-жоғы екі жылдан кейін жол апатынан қайтыс болған.

"Әкем бізді жастайымызда тастап кеткен. Кейін оның қайтыс болғанын естідік. Сол оқиғадан кейін, жарты жылдан соң анам аяқ астынан жүрегі тоқтап, қайтыс болып кетті. Сөйтіп өмірімдегі жалғыз жақынымнан айырылдым.

Кейін екі жылдан кейін жан-жарымды кездестіріп, енді бақытыма қол создым дегенімде, одан да айырылып қалдым. Үйленгеннен кейін, екі жылдан соң жолдасым жол апатынан көз жұмды.

Ол кезде үлкенім тоғыз айлық, ал кішім құрсақта болған еді. Үлкен ұлымның денсаулығынд кінәрәт жоқ, бірақ қызымның дамуы мен ой-өрісінде ауытқушылықтар бар екені анықталды.

Өмірдің сондай соққыларын алған сайын, сол отбасы мен алып қашқан жігіт есіме түседі. Көз жасы мөлдіреп, жәутеңдеп қалған еді.

Әулеттің үлкендері де қарғаған шығар. Кейде тіпті ақ орамалды киесі ұрды деп ойлаймын. Ол кезде жас болдық, ештеңені түсінбедік. Қазір соның бәрін ойлайды екенсің. Басымнан өткен оқиға жас қыздарға сабақ болса екен деп айтып отырмын.

Әрине таныс емес жігіт алып қашса, оның дегеніне көне салуға болмайды. Алайда үйдің үлкендері алдыңнан иілсе, сөздеріне құлақ асу керек деп ойлаймын.

Әйтпесе мен сияқты тағдырларыңыз қиын болуы мүмкін. Қазір енді бар үмітім – балаларым, соларды аман-есен өсіріп, жеткізсем деймін", - деп әңгімесін аяқтады екі баланың анасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1792973-alyp-kaskan-zigitinen-bas-tartkan-aru-mirini-kalaj-ojran-bolganyn-baandady/