Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұр-Сұлтанда бірнеше автобус мінгізбей кеткен мүгедек жігіт сотта жеңіске жетті (фото)

Жарияланған күні:

Нұр-Сұлтан қаласындағы Байқоңыр аудандық сотында бірінші топтағы мүгедек азамат Жаслан Сүлейменовтің №2 Автопаркке қатысты шағымы бойынша сот отырысы аяқталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Нұр-Сұлтанда бірнеше автобус мінгізбей кеткен мүгедек жігіт сотта жеңіске жетті
Жасұлан Сұлейменов. Фото: Kaz.nur.kz: Getty Images

Жасланды соңғы бірнеше айда оннан астам автобус мінгізбей кеткен. Сотта оның туған бауыры, үнемі қасында көмектесіп жүретін інісі куәлік етті.

Жәбірленуші тарап автобус жүргізушілерінің немқұрайлылық әрекеті бойынша видео-дәлелдер келтірді.

Өз кезегінде, №2 Автопарк өкілдері мүгедек азаматтан оның нақты қандай зардап шеккенін сұраумен болды.

Жаслан Сүлеймен қақаған аязды күндері аялдамада автобусқа міне алмай қалғанының өзі оған қатты соққы болғанын жеткізді.

Видеоларда Жасланның талай автобустан қалып қойғаны түсірілген. Көлік жүргізушілерінің оны тастап кеткені де судья назарына ұсынылды.

Мүгедек жігіттің бауыры тіпті қай бағыттағы автобустарда қай күні жүргізушілердің қолды бір сілтеп, жүріп кеткенін дәлелдеп берді. 

"Менің үнемі далада қалып қоятыным аздай, арбамның сынып қалатыны бар. Қазірде үшінші арбамен жүрмін. Осы отырған арбамның өзі қирап тұр. Кейбір автобустарға мінуге жағдай жасалмағаны сол, арбамды қалай болса солай көтереді. Сол кезде қапталындағы бөлшектері, аяқтың астындағы тіреуіші істен шығып жатады", - деді ол.

Ал Автопарк өкілі арбаларды жөндеуге қажетті құжаттардың бар-жоғын сұрады.

Жаслан Сүлейменов сот залында арбасының әбден сынып жатқанын да дәлелдеп берді.

Нұр-Сұлтанда бірнеше автобус мінгізбей кеткен мүгедек жігіт сотта жеңіске жетті
Сот отырысы. Фото: KAZ.NUR.KZ: Facebook
«Жалпы, Қазақстан Республикасы Адам құқықтарына халықаралық құжаттарды ратификациялады. Мен біреудің жеке автобусына сұранып тұрғаным жоқ. Бұл қоғамдық көлік. Керек десеңіз, бұл Автопарк тарапынан жасалып отырған дискриминация», - деп мәлімдеді мүгедек жігіт.

Автопарк өкілдері автобус жүргізушілеріне аялдамада тоқтауға берілген уақыттың аздығын алға тартты. Тіпті, таяуда сатып алынған қоғамдық көліктерде пандус түсіретін арнайы кілттің болмай қалатынын меңзеді.

Егер жүргізуші сәл кешіксе құзырлы органдар тарапынан 75 мың теңге көлемінде айыппұл салынатынын да жеткізді.

Автопарк өкілдері істі бейбіт жолмен шешуді ұсынды. Екі тарап келіссе, мүгедек жігітке жалпы 300 мың теңге төлеуге дайын екендіктерін де айтып қалды.

Алайда, Жасұлан Сүлейменов ондай ұсыныстан бас тартып, қалалық қоғамдық көліктерде мүгедектер құқы бұзылмауы үшін жүйелі жұмыстар жасалу керектігін, автопарктер осы бағытта жұмыстануы керек дегеннен танбады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқықтарын сотта адвокат Бауыржан Азанов қорғады.

Судья мүгедек жігіт Жасұлан Сүлейменовтың арызын ішінара қанағаттандырып, құқықтары бұзылғаны үшін оған №2 Автопарк тарапынан 400 мың теңге төлеу жөнінде шешім шығарды. Сонымен бірге, жеңілген тарап сот шығындарын да өтейтін болды.

Судья жергілікті билік органдарына қоғамдық көлік қатынасына қатысты да ұсынымдар шығарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1793884-nr-sltanda-birnese-avtobus-mingizbej-ketken-mgedek-zigit-sotta-zeiske-zetti-foto/