"Қырындай береді": 65 жастағы бастығынан мезі болған әйел мұңын шақты
Жарияланған күні:
Осы уақытқа дейін тұрмысқа шықпаған 42 жастағы әйел жаңа жұмысындағы бастығынан қорлық көріп жүр. 65 жастағы азамат қарамағындағы келіншекті кабинетіне шақырып, бетінен сүйетін көрінеді. Ол аздай, жасы жетпіске тақаған ақсақал ұжымдағы басқа нәзік жандыларға да қырындайды екен деп жазады "Алаш айнасы".
Бастығының мінез-құлқынан шаршаған әйел оның бет-әлпеті де келіспей қалғанын айтады.
"Ол кісі үнемі мені кабинетіне жөн-жосықсыз шақырып, әлденені тыңғылықты орындағанымды сылтауратып бетімнен сүйе ме керек, әйтеуір қызық-қызық мінез танытып жүрді. Бастапқыда онысына мән бермейтін едім. Бара-бара ол кісі үйіме қоңырау шалып, "Сөйлесейік, келіп кетсеңші", - дейтінді шығарды. Әкемдей адамның мұнысы ерсі екен. Не айтарымды білмей, "Уақытым болмай тұр", - деп жүрдім. Содан бір күні кабинетіне шақырып, ашықтан-ашық: "Сен маған көптен ұнап жүрсің. Қала сыртына шығып келсек қайтеді менің машинаммен?" - деді. Тағы да бірдеңе айтып құтылдым", -деп ашынды ол.
Келіншектің сөзінше, кішігірім мекеме бастығының жалақысы да мардымды емес. Серілік құрғысы келетіндей қалтасында ақшасы мол, курорттарға қыдыртатын, әдемі көлікпен жүретін қауқары да жоқ.
"Жалпы, біздің басекең жиын-тойларда кездесе қалған қыз-келіншектердің беттерінен сүйгенді қатты ұнатады. Бала сияқты кейбір қылықтарына қарап, бұл кісінің кәрілікті мойындағысы келмейтінін түсінуге болады. Ол әлі күнге дейін әрқайсымызды мазалап, зықымызды шығарып жүр. Сөзіне көнбегеннен кейін жұмысымыздан мін тауып, сыйақымызды қысқартуын қояр емес",- дейді келіншек.
Кәрілікті көңілі қаламайтын басшы бірнеше күн бұрын әйелді шақырып, қысқарту болатынын да айтыпты.
"Соңынан жібіп: "Табиғат аясына шығып келу керек еді, ә?" - деп, бетіме күлімсіреп қарады. "Менің аяғым ауыр", - деппін сасқанымнан. Қабағы түнеріп кетті. "Кімнен?" - деді жұлып алғандай. "Тұрмысқа шыққалы жүрмін!" - дедім. "Е-е-е-е, олай болса, бізге тіпті жақсы болады. Аяғы ауыр кезде менімен болғаныңды ешкім білмейді ғой. Жүкті болып қаламын деп қорқатын емес..." - деп қойды шал. "Қазір қолым бос емес. Денсаулығым да болмай тұр. Кейіндеу барайық", - деп, емексіте салдым. Мәз болып қалды. Қазір мен барлық таныстарымды іске қосып, өзіме жұмыс іздеп жатырмын. "Денемді шал сипаған құрт жесін деп" деген өлең жолдары түседі ылғи да есіме. Осы сөзді ұран етіп, мына ұжымнан кетпекпін. Шал әзірге қиялдап жүре тұрсын",- деді әйел.
"Кәрі қыз" болса да, өз бағасын білетін келіншек біреудің тоқалы болудан кетәрі емес. Алайда, қаусыраған шал оның болашақ күйеу жігіттері тізімінде жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1796117-kyryndaj-beredi-65-zastagy-bastygynan-mezi-bolgan-kelinsek-myn-sakty/