Елордалық ару әкесінің сөзінен шыға алмайтын жігітінен бас тартпақшы
Жарияланған күні:
Жансая есімді елордалық ару өзінен бірнеше жас үлкен жігітке тұрмысқа шыққалы жүргенін айтты. Оның сөзінше, ол сүйгенінің әке сөзінен әріге бара алмайтын, өзіндік пікірі жоқ адам екенін тойға небәрі бірнеше ай қалғанда түсінген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жансаяның айтуынша, орда бұзар жасқа таяған ер азамат ауылдағы әкесінің шешімімен өмір сүреді екен.
"Сүйген адамым көзі ашық, оқыған азамат. Жоғарғы оқу орнына өз күшімен түсіп, мамандығы бойынша өз күшімен жұмысқа тұрған. Бірақ онымен арамыз жақын болған сайын оны көзі ашық деуге аузым бармайды.
Ару сүйіктісінің әкесі оны кері тартанын айтып, мұңын шақты.
"Әкесі ауылда тұрады. Ол кісіні пысық деуге келмейді. Балаларының болашағына қамданып, өмірінде бес-он тиынды да жинамаған. Бір күндік өмірмен өмір сүреді. Міне сүйіктім бүгінде әкесінің сөзінен ары аса алмайды. Несие алып бер десе, несие алып береді, қалағанын екі етпейді. Тіпті не ішіп, не жесе де бәрін әкесінен сұрайды. Бір жағынан ол да дұрыс шығар. Бірақ баласына бір дұрыс ақыл айтса ғой шіркін. Өз ұлын өзі кері тартып тұрады. Бір адамдардың жетістігін көре алмайды. Ол жұмыстағы орнын сатып алған, шетелде жұмыс істейтіндер өңшең байлар, ал біздің жағдайымыз жоқ деп өзінің бақытсыздығын өзгелерден көреді"
Болашақ жарының әкесіне көңілі толмаған бойжеткен дұрыс таңдау жасағанына шүбәлі екенін жеткізді.
"Мен өскен орта мүлде басқа. Әкем үнемі жетістікке жеткен адамдарға қарап сен осындай боласың, осы кісі секілді биік белеске жетесің деп жігерлендірген. Осындай адамдардан үлгі ал деп тәрбиелеген. Қазір әкемнің арманы орындалды. Енді жігітімнің отбасына келін болып түссем, бәрін ұмытатын секілдімін. Жігітім де әкесіне ұқсап барады. Бірдеңе айтсаң жоққа шығарып тұрады. Кейде оған тұрмысқа шыққаным өмірдегі ең үлкен қателігім болмас па деп жиі ойланамын", - дейді кейіпкер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1801941-elordalyk-aru-kesini-szinen-syga-almajtyn-zigitinen-bas-tartpaksy/