Бас мүфти Құрбан айтта мал бағасын шарықтатып жібертіндерге үндеу жасады
Жарияланған күні:
Еліміздің бас мүфтиі Қазақстан халқын Құрбан айттың келуімен құттықтап, отандастарына үндеу жолдады. Серікбай қажы Ораз тұрғындарды пайдаға емес, сауапқа бөленуге шақырған. Себебі айт күндері мал бағасы шарықтап кететін жағдайлар жиі орын алып жатады екен деп хабарлайды muftyat.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Бас мүфтидің сөзінше, "Құрбан" сөзі "жақын болу", "жақындау" деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді.
Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда:
"Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)" ("Хаж" сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен дейді Серікбай қажы Ораз.
Осы орайда бас мүфти халықты сауапты істен құр қалмауға шақырған.
"Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады.
Алайда, айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі орын алады. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі", - дейді ол.
Сонымен қатар Серікбай қажы Ораз ұлық мейрамда жасайтын барша сауапты амалдар, қайырымдылық істер, сондай-ақ, қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан жандардың тілегі қабыл болсын деген ізгі ниетін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1810319-bas-mfti-krban-ajtta-mal-bagasyn-saryktatyp-zibertinderge-ndeu-zasady/