Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешкімге көрсетпей жылап аламын": Оңтүстікке келін болған солтүстіктің қызы мұңын шақты

Жарияланған күні:

Солтүстіктен оңтүстік өңірге келін болып түскен келін жаңа өміріне үйренісе алмай жүр. Эльмираның айтуынша, оңтүстіктегілер келінге үй қызметшісі ретінде қарайды екен деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Facebook

Эльмира (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп алынды) болашақ жары Айдоспен Алматыда танысқан. Екеуі бір факультетте білім алып, жақын араласқан. Кейін бір-біріне сүйіспеншілігі оянып, соңы махаббатқа ұласқан көрінеді. Оқу бітірер жылы Айдос сүйіктісіне ұсыныс жасап, екеуі үйленген.

"Шынымды айтсам, ата-анам университет бітірген бойда тұрмысқа шығуыма қарсы болды. Шамалы уақыт жұмыс істеп, қаржы жинағанымды қалады. Бірақ мен Айдостан ажырағым келмеді, ол да анаммен жиі сөйлесіп өз дегеніне көндірді.
Біз жақта қалың мал әкелу, құда күту деген салттарды біле бермейді. Соған қарамастан Айдостың ата-анасы барлық дәстүрді сақтап, үйімнен алып кетті. Әрине бастапқыда менен бақытты жан болмады. Бірақ қазір олардың менталитетіне бой үйрете алмай жүрмін", - дейді кейіпкер.

Жас келінге "сәлем салуды" енесінің өзі үйреткен екен. Қазір Эльмира үйге келген үлкен кісілерге иіліп, сәлем салуды ұмытпайды.

Бірақ ол жаңа түскен келінге жүктелетін міндеттерді алып жүру оңай емес екенін мойындайды. Оның үстіне үй тіршілігіне икемі аз келіншек әбден қиналғанын айтады.

"Мен үшін ерте тұру өте қиын. Кейде таңғы асқа тұра алмай қалсам, енемнен ұрыс естіп қаламын. Міндетті түрде Айдостың және үйдегілердің таңғы ас-ауқатын әзірлеп беруім керек. Солтүстікте таңғы асқа жұмыртқа қуырады немесе ботқа әзірлейді. Оңтүстіктегілердің кешкі асты қайта жылытып беретіндігі таңғалдырды. Үйде де, сыртта да үнемі орамал тағып жүремін. Орталыққа шыққан кезде басына орамал тағып жүрген қыз-келіншектерді жиі көремін", - дейді жас келіншек.

Эльмира оңтүстіктегілер қонаққа жиі баратынын, әрі ағайындарының үйіне жиі келетінін сөз етті. Тіпті еш ескертусіз таң ата сала келетін кісілерді күтіп-баптауға мәжбүр екенін жасырмайды. Демалыс, әр мереке күндері үйге үнемі туысқандар бас сұғады екен.

"Солтүстіктегілер қонаққа барғанды әрі қонақ күткенді онша ұната бермейді. Оның үстіне ескертусіз үйге келу деген мүлдем жоқ. Бастапқыда мен қатты таңырқайтынмын. Айдос өз жағында бұл қалыпты жағдай екенін айтты. Абысындарым балаларын үйімізге әкеліп тастайтын кездер де болады. Кешке дейін соларға қарап, бабын жасаймын", - дейді жас келіншек.

Эльмира уақытының басым бөлігін үй тіршілігін атқаруға жұмсайды. Күніне бірнеше рет тамақ жасап, кір жуудан қолы босамайды. Мал терісіне аллергиясы болғандықтан, енесі сиырды өзі сауады екен. Бірақ мал сойған күні жұмысы екі есеге көбейіп кететін көрінеді.

"Үйімізде мал ұстаймыз. Қыстың күні атам жиі сиыр сойып, етін жіліктеп сатады. Ең бірінші рет ішек-қарын тазалағанымда ұшынып, қатты ауырғанмын. Есесіне оңтүстіктің келіндері қазы айналдырудың, ішек-қарын тазалаудың түрлі амалдарын меңгеріп алған.
Бір байқағаным, енелер келіндерін әңгіме қылғанды жақсы көреді. Көбіне жақсы жағынан гөрі, жаман жағын көп айтады. Өздерімен салыстырып, жастық шақтарын еске алып отырады. Енем де менің кемшін тұстарымды айтқанда, ешкімге көрсетпей жылап аламын", - дейді Эльмира.

Бүгінде жас келін туған үйін сағынып жүргенін айтады. Үйінен ұзатылып кеткеніне екі жыл уақыт өтсе де, төркініне қыдырып баруға енесі рұқсат бермепті.

Қазір Эльмираның аяғы ауыр. Енді анасын бесік тойында бір-ақ көретінін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1816811-eskimge-krsetpej-zylap-alamyn-otsik-zakka-kelin-bolgan-soltstikti-kyzy-zan-syryn-aktardy/