Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шетелде тұрып келдік": Танымал журналист декретте отырып қалай ақша тапты? (фото)

Жарияланған күні:

Белгілі журналист Айжан Кәрібай не себепті бүгінде блогерлердің дәуірі "жүріп" тұрғанын айтып, өзінің блогтық журналистикаға қалай келгенін мәлімдеді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол екі айлық сәбиімен декретте отырғанда да жұмыстан қалыс қалмай, бірқатар жобаларды жүргізгенін айтты.

Фото: Instagram
Фото: Instagram: Instagram

- Белгілі тележүргізуші, журналиссіз. Қазір ютубты да жақсы игеріп алыпсыз? Блогерлікке қалай келдіңіз?

- Ютубты игеріп жатыр дегенде, мен оны 2011 жылдан бастап жүргізіп келемін. Өзім ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде оқығанымда, 2 курста блогерлік журналистика деген сабақ болды. Ұстазымыз Асхат Еркімбай болды.

Сол кісі бізге тек қана газет-журналдарға ғана емес, сайттарға, түрлі платформаларға материалдар жазуға болатынын көрсетті.

Сол кезде алғаш рет блогерлік әлеммен таныстым десем болады.

Ол 2010-2011 жылдар болатын. Ол кезде блогерлерге арналған Wordpress.com деген платформа болатын. Сол жерге қазақ тілді блогерлер жиналып, өздерінің блоктарын жүргізіп жүрген еді.

Ең алғашқы қазақ блогерлерінің арасына мен де кіріп, өзімнің блогымды жүргізе бастадым.

Одан кейін 2 курста оқып жүргенімде Yvision.kz деген сайтына жұмысқа тұрдым.

Содан бастап Youtube-ты да қолға ала бастадық, ең біріншіден, «Екпін» деген онлайн-журналымыз болды. Youtube-та сол «Екпін» үшін жасап жүрген видеоларым болды.

Кейін жеке Youtube ашып, өзімнің жеке арнамды жүргізіп кеттім. Сол жылы мен магистратура бойынша АҚШ-қа білім алуға кетіп, Youtube арнамда сондағы өмірім жайлы бөлісе бастадым.

- Бүгінде өзіңіз сияқты желіде танымал болып, блок жүргізетін блогерлер шыны керек жетіп артылады. Желідегі "блогерлер" дәуірінің жүріп тұруының себебі неде ?

- Біріншіден интернеттің дамуы, себебі кез келген адамда интернет бар. Бұрынғыдай тек компьютерден қосылып, Wi Fi деп отырмаймыз. Кез келген смартфонда интернет бар, яғни адамдарға қолдану өте ыңғайлы. Ал сол смартфонның ішінде не бар? Барлық әлеуметтік желілер бар, яғни бәрі қолжетімді.

Ал сондағы ақпарат адамның өзінің қызығушылығына қарай сұрыпталады. Мысалы Instagram-да нені оқып, көресіз, соған қарай сізге контент беріп отырады. Сіз бұрынғыдан да көбірек отырасыз.

Ал дәстүрлі БАҚ-та олай емес. Желінің танымал бола түскені де сол – сіз өзіңіз үзбей оқитын блогерлердің постын қадағалайсыз, оларды күн сайын оқуға асығасыз.

Олар тіпті сізге туысыңыздай жақын болып кетеді, солардың әр айтқан сөзіне иланасың.

Оның барлығы жарнама берушілерге де жақсы, себебі олар блогерлер арқылы жарнаманың өтімдірек екенін біліп алған.

Яғни блогерлердің содан алатын материалдық пайдасы да бар. Бұл бір табиғи құбылыс сияқты, адамдарға контент керек, олар өзіне керек контентін алады, блогерлер жарнама берушілерден өздерінің материалдық табысын алады. Сол себепті қазір шынымен блогерлердің дәуірінің жүріп тұрғаны кезеңі.

- Сол сияқты үйде отыратын декреттегі аналар да бала, отбасы, ене мен келін туралы кеңес айтып, блог жүргізетін болған. Оған деген көзқарасыңыз қалай? Желідегі өмір мен шынайы өмірді ажырата алмай жатқан жоқпыз ба?

- Әрбір контент, постты оқитын оқырмандар болады. Егер пост оқылмайтын болса, онда адамдар түсінеді, менің жазғаным ешкімге керек емес деп, жазбайды. Ал постыңыз оқылым жинап жатса, демек аудиторияның сіздің жазбаңызға деген сұранысы бар.

Егер бала, отбасы, тәрбие туралы жазба оқылса, демек оның да өз оқырманы бар. Оған оң көзқарастамын.

Менің философиям бойынша, әр адамның өмірдегі өз шындығы, өз жолы бар. Біреулер өзінің басынан өткенін айтып, өз тәжірибесімен бөлісулері мүмкін. Бірақ сол кеңесті тыңдағаннан кейін, әлгі адамның өмірі өзгеріп кетпес, себебі әркімнің өмірде өз жолы бар.

Әр блогер психолог емес қой немесе қарым-қатынас маманы емес қой? Мысалы мен күйзеліске түссем, психологқа барып, сол маманның кеңесін алушы едім.

- Кейбір блогерлердің, оның ішінде қазақ әйелдерінің ұятты, жабық тақырыптарды қозғап жүргендерін де білеміз. Ол жөнінде не айтасыз?

- Қолдаймын, оның қандай да бір әбестігі жоқ деп ойлаймын. Өйткені жабық тақырыптар айтылу керек. Кейінгі жылда бізде қоғамда үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Бұдан 5-6 жыл бұрын тойдың айналасы, жұлдыздардың өмірі туралы ғана әңгіме қозғайтын болатын.

Соңғы жылдары педофилия, зорлық-зомбылық мәселелерінің бәрін блогерлер белсенді көтеріп жүр. Сол сияқты жастардың ерте үйленуі, алып қашу және т.б. мәселелер көптеп көтерілуі керек.

Себебі біз неғұрлым ол мәселелерді жиі көтерсек, соғұрлым адамдардың саналарына жетеді.

- Қазір декреттесіз бе? Журналистикаға қайтып оралуды ойламайсыз ба? Әлде баламен отырып та, жобалар дайындап, бәріне үлгеріп жүрсіз бе?

- Балам қазір үш жасқа келді. Декреттен шықтым десем болады. Бірақ бұрынғы жұмыс орным - радиоға оралмадым. Балам екі айлық болған күннің өзінде мен түрлі жобалармен айналысып, шетелде тұрып та келдік. Сондай белсенді өмір салтын ұстандым. Қазір baribar.kz сайтында жұмыс істеймін және жақында «Алматы» телеарнасындағы таңғы бағдарламада стиль жайлы жаңа айдар аштым. Одан бөлек те жобаларым, блогым, Youtube арнам бар. Декретте болсам да, ешқашан қол қусырып отырған емеспін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1818791-tanymal-zurnalist-zabyk-takyrypty-kozgap-zrgen-blogerlerdi-zaktap-sykty/