Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан түрік қызы қазаққа келін болудың ерекшелігін атады (фото)

Жарияланған күні:

Түрік қызы Иелиз Жақаеваның (қыз кезіндегі тегі – Чакар, ред.) қазаққа келін болғанына үш жылға жуықтады. Стамбулда туып-өскен Иелиз басқа емес, қазақы қаймағы бұзылмай, салт-дәстүрлер түгелдей дерлік сақталған оңтүстік өңірде ақ босаға аттады. Сондай-ақ, ол қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бүгінде жары Серікпен бірге Лейла есімді бүлдіршінді өсіріп отырған тәрбиелі түрік қызы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, екі ел арасындағы ұқсастықтар жөнінде және қазаққа келін болудың ерекшелігі жайында әңгімеледі.

Фото: Жеке мұрағаттан/ KAZ.NUR.KZ
Фото: Жеке мұрағаттан/ KAZ.NUR.KZ: Original
"Менің есімім – Иелиз Жақаева. Қыз кезімдегі тегім – Чакар. Стамбулда туып-өстім. Ата-анам және сіңлім бар. Олар сол жақта тұрады. Ал мен қазақ жігіті Серікпен көңіл қосып, қазақ еліне келін атандым. Бүгінде Ақтауда тұрып жатырмыз. Осыған дейін Алматы және Түркістан қалаларында тұрдық. Өзім Стамбул университетінің түркология факультетінде оқыдым. Сол кезден бастап қазақ тіліне қызығушылым артқан еді. Бар-жоғы бес ай ішінде қазақша үйреніп алдым. Бірақ қазақ тілін үйренуді тоқтатқан емеспін. Әлі де тілді дамыту үстіндемін", - дейді Иелиз.

Түрік қызы жұбайы Серікпен Қазақстандағы ортақ достары арқылы танысқан. Екеуі бір көргеннен ғашық болып, екі жылға созылған достық отау құрумен аяқталды.

Фото: Жеке мұрағаттан/ KAZ.NUR.KZ
Фото: Жеке мұрағаттан/ KAZ.NUR.KZ: Original
"Жолдасым Серік Стамбулдағы Айдын университетінің магистратурасында оқитын еді. Бірде ортақ достарымыз Қазақстаннан сыйлық беріп жіберді. Серіктің сыйлығы да менің атыма келген болатын. Кейін Серікке аманатын тапсырмақ болып, кездестім. Екеуміз бір көргеннен бір-бірімізді ұнатып қалдық. Бұл 2015 жыл болатын. 2017 жылы екеуміз үйленеміз деп шештік. Алғашында ата-анамның аздап қарсы болғаны бар. Бірақ Серікпен танысқан соң бірден рұқсатын берді. Мені таза қазақтың дәстүрі бойынша сырға салып, әкемнің алдынан өтіп, келін қып түсірді", - дейді ол.

Екі жақтың тойында екі елдің де дәстүрлері сақталған.

"Қайын жұртым Стамбулға келіп, ата-анамның рұқсатын алып, сырға салу рәсімін жасады. Әкеме шапан кигізді. Мен түрік дәстүрі бойынша болашақ қайын жұртым мен жұбайыма кофе ұсындым. Біздегі салтқа сәйкес, Серіктің кофесіне қанттың орнына толтырып тұз салдық. Бұл қалыңдықты барлық ауыртпалығымен қабылдауға дайынмын дегенді білдіреді. Кофе тым ащы болса да, Серік барлығын ішіп қойды (күлді)", - деп еске алды Иелиз.
Фото: Жеке мұрағаттан/ KAZ.NUR.KZ
Фото: Жеке мұрағаттан/ KAZ.NUR.KZ: Original

Алғашында түрік қызы үшін қазақ халқына келін болу оңай болмаған. Алайда, ата-анасының тәрбиесін бірінші орынға қоятын Иелиз келіндік қызметті де дөңгелетіп әкеткен.

"Жалпы, келін болу қай елде де үлкен жауапкершілік жүктейді. Түркияда да келін ерте тұрып, ата-енесіне шай дайындайды. Екі елдің көптеген ғұрыптары ұқсас. Қазақстанның оңтүстік өңірінде салт-дәстүр толығымен сақталған. Мысалы, маған шайды аз-аздан құю қиындау болды (күлді). Біз жақта шайды толтырып құятындақтан, алғашында аздап састым.
Мен үшін қызық болған жайттардың арасында келіннің дастарханның төменгі жағында отыратыны да бар. Үнемі үйдегі үлкендерге "Шай ішіңіз" деп айтатыны да маған ұнайды. Үлкендерге сәлем салып, орамал тағып жүрген қандай әдемі?! Барлық ғұрыпқа үйреніп кету үшін уақыт қажет болды. Қуанышқа қарай, үйдегі туысқандардың үйретуімен бәрі сәтті өтуде", - дейді ол.

Иелизге қазақ халқының жеті атадан қыз алыспайтыны қатты ұнайды. Сондай-ақ, ол қазақ тілінде сөйлемейтіндердің көптігіне де қынжылады.

Фото: Жеке мұрағаттан/ KAZ.NUR.KZ
Фото: Жеке мұрағаттан/ KAZ.NUR.KZ: Original
"Маған қазақтардың жеті атаға дейін қыз алыспайтын салты қатты ұнайды. Түркияда мұндай жоқ. Қан тазалығын қатты ұстанатынына риза болдым. Бұған дейін мұндай дәстүр барын білмегенмін. Бұл өте дұрыс нәрсе деп ойлаймын.
Айтпақшы, Қазақстанға келгенде көпшіліктің орыс тілінде сөйлегеніне таң қалдым. Әрине, әркімнің өз таңдауы. Кім қай тілде сөйлесе де өзі біледі. Тіл білгеннің айыбы жоқ. Бірақ Түркияда бәрі түрікше сөйлейтін болғасын, аздап таңырқағаным рас.
Қазақ тіліне кеңес заманының ықпалы қатты тигенін білемін. Сондықтан, әр адам өз ана тілін ұмытпаса екен деген тілегім бар. Жалпы алғанда, маған Қазақстан қатты ұнайды. Қалалары да әдемі. Көп ұлтты мемлекет. Елімізде тек тыныштық болсын!", - деп сөзін аяқтады Иелиз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1820096-kazak-zigitine-trmyska-sykkan-trik-kyzy-kazakka-kelin-boludy-erekseligin-atady/