Өзгені құтқарамын деп мерт болған ақтөбелік полицейдің сүйіктісі алғаш рет сұхбат берді
Жарияланған күні:
Атырауда суға батып бара жатқан келіншекті құтқармақ болып, қаза тапқан полицей Шалқар Ақымғалиевтің сүйіктісі журналистерге алғаш рет сұхбат берді. Ақбота есімді ару сол бір қаралы күнді есіне алып, сүйіктісін әлі де жүрегінен жібере алмай жүргенін айтты деп жазады "Ниет" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Сұхбат барысында Ақбота бауыр басып қалған сүйіктісімен отбасын құру арманы орындалмай қалғанына күйінді.
"Шалқар - өте мейірімді жан, кеңпейіл, жүрегі мейірімге толы, жылыжүзді, өте ақкөңіл болатын. Достарының алдында беделді болды. Әріптестерін де өте жақсы көретін. Жұмысына өте адал адам. Үйінің тұңғышы, тірегі болатын. Шалқар екеуміз қазан айында әпкесінің жылын өткізгеннен кейін, отбасын құрамыз деп ойладық. Сондай жоспарымыз болды.
Алайда, ол тек біздің ғана қалауымыз емес. Ол бір Алланың қалауы. Біз ойлағандай болмады. Алла қалай қалады, солай болды. Таныстығымызға осы қазанның 17-сі үш жыл болды. Қыз бен жігіт ретінде жеті айдай жүрдік. Нақты үйленетініміз көктемде, нақтырақ айтсам наурыздың басында шешілді" , - деді Ақбота.
Ғашығынан айырылып қалған бойжеткен оның қаза тапқан күнін есіне алып, қаралы хабарды кімнен естігенін де айтып берді.
"Мен Шалқарды өз ата-анаммен таныстырдым. Ол да мен жайлы өз үйіндегілеріне айтты. Танысып үлгермесем де оның жанұясын біліп жүрдім. Алайда, осындай жағдай болып қалды. Қайтыс болар алдында бір сағат бұрын ғана телефонмен сөйлестік.
Нұрхан атты әріптесі екеуі сөйлесіп отырғанда Шалқар "біреу суға батып бара жатса не істейсің?" деп сұрапты. Сол кезде Шалқар "мен көмектесетін едім, жұмысыма адалмын. Ант бердім ғой" деп айтыпты. Сол іштей бір нәрсені сезгендей бәрін өзі айтып кетті.
Сол күні жүрегім жамандықты сезгендей болды. Достары бірінен кейін бірі хабарласып, қалымды біле бастады, жағдайымды сұрады. Бірақ, мен мән бермедім. Бәрі бір уақытта қоңырау шалып, не болды екен деп ойладым. Содан қасыма құрбым келіп, Instagram арқылы Шалқар есімді полицейдің бір қызды құтқармақ болып суға батып кеткенін естіртті. Сол кезде мен аты-жөнін оқып қалдым.
Сол уақыттан бастап, менің өмірім түске айналғандай болды. Ол нәрсеге мен ешқашан сенген емеспін. Мүмкін уақыт та керек шығар ол үшін. Әлі күнге дейін мен ол адамды жүрегімнен жібере алмай жүрмін. Сол күні көпірге бардым. Ол кезде Шалқардың денесін таппаған. Мен соңына дейін, Шалқар маған өзі қоңырау шалады деп күттім. Бірақ, ондай ештеңе болмады. Шалқардың енді жоқ екенін сезгенде өмірімнің еш мәні болған жоқ" , - дейді бойжеткен.
Еске сала кетейік, 21-наурыз күні Атырауда көпірден Жайыққа секірген бойжеткенді құтқармақ болған полицей Шалқар Ақымғалиев ерлікпен қайтыс болған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1823266-zregimnen-zibere-almaj-zrmin-zgeni-ktkaramyn-dep-mert-bolgan-policejdi-sjiktisi-zan-syryn-aktardy/