"Iphone және Дубайға жолдама": Элиталы асаба қазақ байларының тойы туралы айтты (фото)
Жарияланған күні:
Заман өзгерген сайын "бар жиған-тергенін тойға шашатын" қазақтың дүбірлі тойлары да түрліше өтетін болған. Қарапайым салтанатты кештердің өзіне қыруар қаржы кететінін былай қойғанда, кейбір қалталы азаматтар өз қуанышында қонақтарға ұялы телефоннан бастап Дубайға жолдамаға дейін сыйлайды. Бұл туралы отандық асаба, шоумен Руслан Искаков KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
- Руслан, жалпы асабалық қызметке қалай келгеніңізді айтып өтсеңіз. Сіз алғашында әншілермен жұмыс істеп жүр едіңіз...
- Асабалық қызметті ең алғаш Алматыға келген жылдары, ақшадан қысылып жүрген кезде, осыдан 9 жыл бұрын бастап көргенмін. Сөйтіп, үлкен кәсіпке айналып кетті ғой. Басында әншілермен, көптеген өнерпаздармен жұмыс жасадым. Солармен бірге жүрдім, сөйтіп-сөйтіп асаба болып кеттім.
- Ең алғаш үлкен тойдың тізгінін алып, асаба болған сәтіңіз есіңізде ме?
Алғаш той басқарған кезім есімде, иә. Халал той болатын. Киетін туфлиім жоқ, костюмім өзіме тар, сондай кездерді бастан өткергенмін. Алғашқы тойды өте қиын жағдайда басқарғанмын.
- Сізді көпшілік элитаның, лауазымды адамдардың тойын жүргізеді деп айтады. Осы қаншалықты рас?
- Иә, қазіргі таңда құдайға шүкір, жалпы Қазақстандағы үлкен шенеуніктер, елге танымал кәсіпкерлер, атқа мінген азаматтардың көбісінің тойын мен басқарамын. Жалғыз Алматыда емес, Қазақстан бойынша.
- Сіздің бір тойдан алатын гонорарыңыз қанша? Содан соң, ол той жасаушылардың деңгейіне қарай өзгеріп отыра ма?
Тойдан алатын "ставкам" 4 мың доллар. Енді бұл баға Алматының ішінде. Ал басқа қалаларға 6-7 мың доллар шамасында. Сол бағаға лайықты жұмыс атқаруға тырысамын. Әр тойға арнайы сценариймен барамын.
- Жақында сіз басқарған тойда қуаныш иесі айфон таратты. Осыған ұқсас тағы қандай оқиғалар болды? Есіңізге түсіріп көресіз бе?
- Иә, бұған дейін де көптеген көліктер ойнатқан болатынбыз. Дубайға, шетелге жолдамалар, сертификаттар...
Ең жақсы билеген, той бойы көзге түскен, ең белсенді қонаққа сыйлық беруді біз әдетке айналдырғанбыз. Әр тойда айфон ойнатылады.
Өткен жолы да бір тойда, қазанның 19-ында ойнатылды. Келген қонаққа "айфон 11" деген жаңа телефонды бердік. Шетелде жиі той басқарамын. Қазір батысқа көп шақырады.
- Бір кездері тойға вертолетпен ұшып келу, лимузинді тойханаға кіргізу сияқты ерекшеліктер болды. Осындай жағдайлар әлі де болып тұра ма?
- Әрине, қазір тойханаға лимузинді кіргізу сәннен кетіп қалды. Вертолетпен қонуға арналған, өкінішке орай, бізде арнайы тойханалар жоқ.
Бірақ ашық алаңда, яғни open air дейміз, далада өтіп жатқан тойларда жиі вертолетпен, қайықпен келіп жатқан сәттерді көргенбіз. Қазір оны мода деп айтуға келмейді, өйткені ол ерекшеліктен кетіп қалды.
Қазір көбінесе, эстараданың жарқын жұлдызы, әншілер жас жұбайларды алып келеді. Ұзатылатын қызды Бибігүл Төлегенова кіргізген кездерді де көргенмін. Халық әртісі Мақпал Жүнісова қызды сүйемелдеп алып келген.
Тарихи сәт, есте қалсын деген оймен, той иелері біз арқылы шақырған. Солай Жазира Байырбекова, Салтанат Бақаева, Мадина Сәдуақасова қызды ортаға сүйемелдеп алып келеді. Бұл енді модаға айналып кеткен қазір.
- Жалпы, қазіргі қазақ тойындағы ең басты трендтер қандай? Қазіргі кезде тойды өзгелерге ұқсатпай жасау үшін көпшілік қандай қадамдарға баруда
- Қазір өзгелерге ұқсатпай жасау үшін, бірінші орында көбісі қымбат тойхана алады бар ақшасына. Одан кейін сахнаны безендіруге көп мән беретін болып кеткен.
Гүлмен безендіру емес, қымбат лед экрандар қою, сахналық жарық қою, арнайы контент сызғызу, логотиптер, кез келген әнші немесе бишінің артындағы видеолар, соның бәрі арнайы тапсырыспен жасатылып, елге көрсетеді.
Баяғыдай тірі гүлдерге 30-40 мың доллар шашуды қойған. Шағын ғана гүлдер қояды. Басты назарда екі жастың отыратын жері. Президиумды әдемі гүлдермен жасайды.
Қалған асабаларға, әртістер, әншілерге жанды дауыста айту үшін мүмкіндіктер жасайды. Жақсы дыбыс шығаратын аппаратура қояды. Жақсы колонкалар қояды. Жақсы техниклық мамандарды алып келеді.
Арнайы жарық режиссері, сахна безендіретін режиссер, дизайнерлерді алып келіп, қазір көбісі сондай жағына мән беріп кеткен.
Сосын өздері ән айтады, өздері билейді, өздері клип түсіреді. Арнайы юмор стилінде көп материалдар дайындайды.
- Бір видеодан жұбайыңызбен ан айтып тұрганыңызды көрдік. Ол да сізбен бірге тойға шыға ма?
- Иә, бірге той басқарады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1825481-iphone-zne-dubajga-zoldama-elitaly-asaba-kazak-bajlaryny-tojy-turaly-ajtty-foto/