Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Педагог мәртебесі: Мұғалімдерге қосымша ақы қалай төленеді

Жарияланған күні:

Білім және ғылым министрлігі "Педагог туралы" заңның аясында қосымша ақылардың қалай төленетінін түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

Вице-министр Бибігүл Асылованың сөзінше, қазіргі таңда мұғалімдердің арасында магистр дәрежесі бар мамандар аз екен. Олардың жалпы саны – 7,5 мың адам, яғни барлық педагогтың 3,5 проценті ғана.

Ал әлемдік көрсеткіш 40-50 процентті құрайды. Осыған байланысты магистр атағы үшін 10 АЕК (26 510 теңге – Sputnik Қазақстан) көлемінде қосымша ақы қарастырылған.

"Сосын мектепке алғаш рет келген жас мұғалімге бір жылға тәлімгер бекітіледі. Ол педагогтың кәсіби дайындығы жоғары болуы шарт. Оған тәлімгерлік жасағаны үшін бір базалық қызметтік еңбекақының көлемінде қосыша ақы төленеді. Оның көлемі 17 697 теңгені құрайды", - деді Асылова астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Бұдан бөлек, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақылардың көлемі екі есеге артып отыр.

"Бұған дейін сынып жетекшілігі үшін кем дегенде 4 424 теңге, әрі кетсе 5 309 теңге болған. Енді осы ақша екі есеге көбейеді. Сол сияқты дәптер тексергені үшін 3 533-4 424 теңге төленетін. Ол да екі есеге өседі", - дейді вице-министр .

Сондай-ақ, педагогикалық шеберлік үшін барлық мұғалімге 30-50 проценттік қосымша ақылар төленеді. Ол үшін ұлттық біліктілік тестін тапсырып, кәсіби дәрежені дәлелдеу керек. Ал мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары өз жалақысын 30-100 процентке дейін өсіре алады.

"Жергілікті атқарушы органдар қосымша қолдау шараларын жасап, 300 айлық есептік көрсеткіштен (795 300 теңге – Sputnik Қазақстан) кем түспейтін сыйақы бере алады", - дейді Асылова.

Айта кетейік, "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы күшіне енсе мұғалімдердің өмірі қалай өзгеретінін жазған едік.

Ал 2019 жылдың желтоқсан айының соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Педагог мәртебесі туралы" заңға қол қойған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1834982-pedagog-mrtebesi-mgalimderge-kosymsa-aky-kalaj-tlenedi/