Ақтөбеде мектеп оқушысы адам өлтірді деген күдікке ілінді
Жарияланған күні:
Ақтөбеде қараша айында кісі қолынан қаза тапқан 15 жастағы Мадияр Исмағұловтың өліміне мектеп оқушысы кінәлі болуы мүмкін деген ақпар пайда болды. Бүгін марқұмның туыстары ақиқаттың анықталуын сұрап, тергеу сотының алдына жиналды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Марқұмның әкесінің сөзінше, іс бойынша бұған дейін колледж студенті, ал енді 11 сынып оқушысы ұсталыпты.
"Осыған дейін колледж студенті қамауға алынған болатын. Екі күн бұрын 11 сынып оқушысы ұсталды. Біз күдікті деп танылған баланың жақсы таныстары бар дегенді естіп жатырмыз. Кінәлілер құтылып кетпесе екен. Біз осы жерге әділдік сұрап келіп тұрмыз. Екі айдан бері тергеу жүріп жатыр. Кінәлі адамның жазалануын сұраймыз", - дейді марқұм болған оқушының әкесі Арман Исмағулов.
Ал тұңғышынан көз жазып қалған ана баласымен соңғы сәттердегі байланысын есіне алып, көз жасына ерік берді.
"Баламнан айрылған анамын. Бізге ақиқат, шындық керек. Тұңғышымыз адам қолынан қаза тапты. Сол күні балама біреу хабарласып, кешкілік шығып кеткен. Баламды іздеп, телефон шалғанымда мектептің қасында келе жатқанын айтты. Кешіккен соң қайта хабарласқанымда дүкеннен шығып, үйге келе жатырмын деді.
Сәлден кейін телефонға басқа адамдардан дүкен алдына полиция келгенін, төбелес болды деген хабарлама келді. Жанұшырып барғанымызбен баламыздан айрылып қалдық. Оқиғаны көрген, әлі сұралмаған куәгерлер бар", - дейді анасы Гүлмира Исмағулава.
Марқұмның туыстары прокурорларға да талаптарын айтты.
"Тура сотта тума жоқ, туған сотта иман жоқ. Қазақтың осы бір сөзінің салмағын ұғынсақ екен. Балалар суық қарумен жүретін болып кетті. 15 жастағы баламызды жазықсыз жазым қылды. Баламыздың күдіктілермен шатасы жоқ, танымайды да. Тергеудегі іс бұрмаланбаса екен", - дейді марқұмның атасы.
Істі тергеп жатқан прокурорлар жасөспірімдер арасындағы төбелеске кінәлілердің жазықсыз қалмайтынын жеткізді.
"Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тағы бір бала күдікке ілінді. Оны қамауға алуға қатысты іс тергеу сотына бүгін жіберілді. Жағдай облыс прокурорының бақылауында", - деді Ақтөбе қаласы Алматы ауанының прокуроры Жасұлан Дәуленбаев.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 10 қарашасында жиырмаға жуық жасөспірімдер жандасып, мектеп оқушысы көз жұмды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1835381-aktbede-mektep-okusysy-adam-ltirdi-degen-kdikke-ilindi/