Түркістан облысында келіншек екі жастағы баласының аузы мен денесін байлап тастаған
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында анасы екі жарым жасар бүлдіршіннің аузы мен денесін байлап тастады. Сәбидің шарасыз халі бейнеленген видео әлеуметтік желіде пайда болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, сәбидің ата-анасы бірге тұрмайтын болып шықты. Тек бұрын азаматтық некеде болған.
Видеоны Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек Facebook парақшасында жариялады. Ол тергеуші істі "дәлел жоқ, жабамын" деген соң, баланың әкесі бейнероликті ғаламтор кеңістігіне салғанын жазған.
"Ерлі-зайыпты ажырасқанда, баланы автоматты түрде анаға қалдырады. Ананың баланы бағуға, тәрбиелеуге шамасы жете ме, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ! Баланы былайша тек психологиялық ауытқуы бар адамдар қорлайды. Ерлі зайыптылар ажырасу кезінде, сот психиатрдың тексеру анықтамасын талап етуі керек деп ойлаймын. Әйтпесе қазіргі жас балалардың өз-өздерін суицидке итермелеуі де осы отбасылық жанжалдың кесірінен", - дейді қоғам белсендісі жазбасында.
Бұл жайтты Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де растады.
Сарыағаш ауданының тұрғыны 8 қаңтар күні аудандық полиция бөліміне арызданған екен. Баланың әкесі өз арызында бұрынғы азаматтық некедегі әйелі 2017 жылы туған ұлына қысым көрсетуде деп шағымданған.
"Сарыағаш АПБ қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 140-бабы "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша іс қозғалған. Тергеп-тексеру барысында оқиғаның толық мән-жайы мен кінәлі тарап анықталатын болады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда," - деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, құзырлы органның мәліметінше, сот-медициналық сараптама тағайындалған. Бүгінгі таңда белгілі болған сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, баланың денесінен ешқандай жарақат немесе күш қолданудың белгісі анықталмаған.
Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында, ерлі-зайыптылар арасындағы дау ер азаматтың ұзақ уақыт бойы алимент төлемегенінен басталған.
Бұл отбасы 2014-2018 жылдар аралығында азаматтық некеде болған. Ерлі-зайыптының екі баласы бар: Қыз және ұл бала. Баланың анасы ешқандай есепте тұрмайды.
Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жалғасуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1835521-trkistan-oblysynda-anasy-eki-zastagy-balasyn-matamen-bajlap-tastagan/