Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ажырасамын" деушілерге кеңес: Отбасыны сақтап қалу үшін не істеу қажет

Жарияланған күні:

Елімізде жылдан-жылға ажырасып жатқан отбасылар көбеюде. Әрине, бұл жақсылықтың нышаны емес. Осы орайда отбасында мәселе туындағанда оны шешу үшін кей кеңестерді KAZ.NUR.KZ порталы muslim.kz сайтына сілтеме жасап ұсынады.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Instagram

Себепсіз, жөнсіз ажырасу-екі жаққа да абырой, жақсылық әкелмейтін іс. Бір-бірін сыйлай білген, сыйлата білген, қадірін біліп, құрмет тұтқан жандардың бақыты баянды болатыны рас. Ислам дінінде ерлі-зайыптылар некесінің тұрақты болуына байланысты кеңестер бар. Сонымен отбасыны сақтау қалу үшін не істеу керек?

1. Жар таңдау

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жар таңдауда төрт нәрсеге көңіл бөлуді өсиет еткен: 

"Әйел затына үйлену төрт нәрсеге негізделеді: байлығы үшін, атағы (тегі) үшін, сұлулығы үшін және діні үшін. Сен діні барын таңда, әйтпесе көп жақсылықтан құр қаласың!", - деген.

Шындығында әйел адам ең әуелі ар-ұятымен, иманымен көрікті.

Абай Құнанбайұлы өзінің өсиетті өлеңдерінің бірінде жастарға былайша насихат айтты: 

"Жасаулы деп, малды деп байдан алма,   Кедей қызы арзан деп құмарланба.  Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,  Ата-ананың қызынан ғапыл қалма".

2. Өзгеден емес өзінен бастау

Ислам діні жақсы амалда өзгеге бірінші болып үлгі болуға тәрбиелейді. Әсіресе, ер адам өз отбасын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю керек. Үйдің отанасы, бала-шағасының тіршілігі мен құлшылығында бір Аллаға бойсұнуына, оларға имани тәрбие беруге аса көңіл бөлуі керек.

Алла Тағала қасиетті Құранда адамзат баласына: "Отбасыңа намаз оқуды бұйыр. Өзің де намаз оқуда табандылық таныт", – деп бұйырған.

Отағасы отбасы алдында жақсы істерде жетекші болуы керек. Мұсылман адам өзгені түзетуден бұрын өзін түзеуі тиіс. Сонда оның сөзі де өтімді, амалы нәтижелі болады. Жақсылыққа ұмтылған жанұя жамандықтан іргесін аулақ ұстайтыны айдан анық.

3. Ажырасуға асықпау

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: 

"Алланың құзырында рұқсат етілгенімен, қатты ұнамсыз іс – ажырасу", – деген.

Жаратушы ер мен әйелдің болмашы нәрселер үшін ажырасуын қаламайды. Сондықтан некені бұзудың өзіндік шарттары, уақыттары, әдептері бар. Бұл себептер екі жақтың "ажырасамын" деген райларынан қайту үшін жасалған үлкен мүмкіндіктер есігі деп түсінген абзал.

4. "Ажырасамын" деп әзілдемеу

Қалжың сөзбен "талақ" деп айтылған сөз де талақ ретінде есептеліп кетуі мүмкін. Сондықтан ер мен әйел бұл сөзді айтудан аса сақ болуы қажет. Ал ислам дінінде "талақ" деп әзілдеп айтуға рұқсат жоқ. Ислам некені ойыншыққа айналдырмауға шақырады. Алла Елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.): "Үш нәрсенің шыны да шын, әзілі де шын: олар – неке, құл азат ету, талақ", – деген хадисін есте сақтаған жөн.   

5. Адамның жақсы мінезін көре білу

Ажырасу мәселесінде байқалатын жағдайдың бірі – адамның кемшілігін көбірек көру. Осы жағдай түбі жақсылыққа әкелмейді.

"Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де қандай да бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар", - деп айтылған хадисте.

Ешбір адам кіршіксіз емес. Адамның әлсіз оның жаман екенін білдірмейді. Жақсы мінезі әлсіз тұсынан басым болуы – оның жақсы адам екенін айшықтаса керек. Сол себепті бір әлсіздігі үшін 10 жақсы тұсын жоққа шығару – әділетсіздік болып табылады.

6. "Ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарағандарың..."

"Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Ең жақсыларың – әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың", – деген Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисі болашақ отағасының жадында әрдайым жаңғырып тұрса жақсы.

Амр ибн әл-Ахуас әл-Жушами (р.а.) мына оқиғаны былай баяндайды:

"Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында Алла Тағалаға мақтау айтып, шүкіршілік білдірген соң жамағатқа былай деп насихат айтқанын естідім: "Әйелдеріңе жақсы қараңдар, өйткені сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар. Анық арсыздық жасамайынша (күйеуіне опасыздық жасамайынша немесе бойсұнудан бас тартпайынша), олармен тек жақсы қарым-қатынаста болуға тиіссіңдер. Сендер үшін бұдан басқа жол жоқ...".

7. Ер мен әйелдің хақылары мен міндеттері

Отбасындағы келіспеушілік немесе түсінбеушілік ерлі-зайыптылардың бір-бірінің міндеттерін жіті білмеуінен туындап жатады. Екі тарап өзіне қатысты міндеттерді білмеген соң кейбір мәселеде шектен шығып қалады. Бұл шектен шығушылық жақсылыққа әкелмейтіні анық. Ал Алла Тағала өз құлдарына қатысты міндеттерді Құранда баяндап қойған:

"Ер адамдар әйелдеріне басшы (яғни, әйелді бағып-қағу, қорғау және тәрбиелеу – ер адамның міндеті). Өйткені, Алла Тағала (күш-қуат тұрғысынан) оларды бір-бірінен (ер адамды әйел затынан) үстем қылды әрі ер адамдар (отбасының) нәпақасын табушы.
Ал, салиқалы әйелдер Аллаға және ерлеріне басы бүтін бойсұнады. (Ерлері жоқ кезде) Алла олардың құқығын қалай қорғаса, олар да ерлерінің хақысын қорғап, абыройларын әрі ерлері тапқан дүние-мүлікті сақтайды һәм араларындағы сырға берік болады".  

Айта кетейік, осыған дейін еліміздің қалаларында соңғы жылдары жастардың шаңырақ көтеруі жиілегенін ауылды аймақтарында бұл көрсеткіштің төмендегенін жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1835815-azyrasamyn-deusilerge-kees-otbasyny-saktap-kalu-sin-ne-isteu-kazet/