Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сауатты түйіндеме қалай жазылады

Жарияланған күні:

Түйіндеме – бұл жұмыс іздеушінің бет-бейнесі. Сондықтан да оны жазуға барынша ұқыптылықпен қараған жөн. Түйіндеме қаншалықты сауатты жазылса, жұмысқа орналасуға деген мүмкіндігіңіз соншалықты арта түседі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі сурет: pxhere.com
Көрнекі сурет: pxhere.com: Facebook

Түйіндеме әдетте үш негізгі бөлімнен тұрады – "жеке мәлімет", "білім" және "жұмыс өтілі". Осыларды хронологиялық тәртібін сақтай отырып, барынша шынайы әрі нақты жазып көрсеткен дұрыс.

Жақсы түйіндеме жазып шығу үшін өзіңіздің кәсіби өмірбаяныңыздың негізгі фактілеріне баса назар аударуыңыз керек.

Біріншіден, жұмыс берушіге өзіңізді дұрыс таныстыра білу қажет. Мекен жайыңызды көрсетудің қажеті шамалы, себебі жұмыс берушінің үйіңізге хат жолдауы екіталай. Ал телефон нөміріңіз бен электронды поштаңызды жазу міндетті. Сондай-ақ қай қалада тұратыныңызды немесе жұмыс істеу үшін қай қалаға көшуге дайын екеніңізді хабарлаңыз. Осы жерге қанша табыс тапқыңыз келетінін де атап көрсеткен артық етпейді.

Жұмыс өтілі мен тәжірибеңізді барынша толығырақ жазуға тырысыңыз.

Негізі, соңғы жұмыс орныңыздан бастап жазғаныңыз дұрыс, ал соңында, сәйкесінше алғашқы жұмыс тәжірибеңізбен бөлісіңіз. Егер еңбек жолында өзіңізді ұсынып отырған мамандыққа қатысы жоқ жұмыспен айналыссаңыз, ол мәліметті көрсетпеуге де болады.

Түйіндемедегі маңызды рөл атқаратын мәліметтердің бірі – мінездеме. Сізді маман ретінде ұсына алатын адамдардың байланыс мәліметтерін берсеңіз, тіпті жақсы.

Сонымен қатар, түйіндемені жазғанда көпшіліктен ерекшеленуге тырысыңыз.

Мәселен, өзіңіз жайлы мәлімет бергенде, түйіндемелердің көпшілігінде кездесетін, жауапкершілік, тез тіл табысушылық (коммуникабельность), ұқыптылық, нақтылық секілді қасиеттерді бәсекелестеріңізге қалдырыңыз. Оның орнына, расында да ішкі дүниеңізге сай өзіндік қасиеттеріңізді көрсеткен дұрыс.

Ресейлік "ИМ Консалтиг" кадрлық агенттігінің жетекшісі Александра Грактың айтуынша, бірінші кезекте, түйіндемені қандай мақсатта жазып жатқаныңызды түсініп алған абзал. Оны қандай компанияларға жіберетініңізді, қандай қызметке орналасуды көздеп отырғаныңызды нақты түсіну маңызды.

Түйіндеменің үлгісіне келер болсақ, жұмыс іздеушілердің көпшілігі үшін ыңғайлы әрі тиімдісі – аралас үлгі. Ол жерде соңғы жұмыс орныңызды, жекткен жетістіктеріңізді және негізгі біліктілігіңізді атап көрсетесіз.

Көлемі жайлы айтар болсақ, түйіндемеңіз ары кетсе екі беттен тұруы тиіс. Егер бір бетке сыйдырсаңыз – тіпті жақсы.

Көптеген жұмыс іздеушілерді түйіндемеге сурет қою қажет пе деген сұрақ жиі мазалайды. Бұл тұрғыда сан түрлі пікірлер бар. Егер, суретіңізді қоюға шешім қабылдасаңыз оның портрет үлгісінде болғаны дұрыс. Сыртқы келбетіңіз іскер адамның бейнесі болуы керек.

Бұл тұрғыда қайда жұмысқа орналасуды көздейтініңіз де маңызды. Себебі, жаңа креативті компаниялар үшін іскер адамның бейнесі қажет болмауы да мүмкін.

Көрнекі сурет: pxhere.com
Көрнекі сурет: pxhere.com: Facebook

Енді жұмыс өтілі мен жеткен жетістіктеріңіз жайлы ақпаратқа тоқталып өтейік.

Жұмыс беруші әдетте адамның жеткен жетістіктеріне көбірек көңіл бөледі. Сондықтан да жұмыс тәжірибеңізді, нақты айтқанда, функционалдық мүмкіндіктеріңізді қысқаша жазып, ал жетістіктерді атап көрсетуге басымдық берген жөн.

Жетістіктерді көрсеткенде – нақты не шаруа істегеніңіз, оны қандай мақсатта, ненің арқасында іске асырғаныңыз және оның қандай нәтиже бергені түсінікті болуы шарт. Мысалы, белгілі бір мәселенің сіз атқарған жұмысқа дейін қандай күйде болғанын, және содан кейін қандай нәтижеге жеткенін нақты көрсетіп берген дұрыс.

Біліктілік және дағдыларыңызды көрсеткенде көздеп отырған қызметіңізді басшылыққа алу қажет.

Мәселен, егер сіз өзіңізді есепші қызметіне ұсынып отырсаңыз, нақты оның қызметтік функционалына және есепшілік біліктілігіңізге сәйкес машықтарыңызды атап көрсету қажет. Ал егер бас есепші қызметін көздесеңіз, міндетті түрде нақты басшылық қызметтегі біліктілігіңізді жазған жөн. Бұндай қызметке қабылдағанда жұмыс беруші осыған баса назар аударады.

Енді түйіндемені жазу кезінде жұмыс іздеушілердің жиі жіберетін қателіктеріне тоқталсақ.

Бірінші кезекте, байланыс мәліметтерінің болмауы

Жұмыс тәжірибеңіз мол және түйіндемеңіз қаншалықты жақсы болғанымен, жұмыс беруші сізбен байланыса алмаса, жазған еңбегіңіздің түкке пайдасы жоқ екені белгілі.

Екіншісі – фото

Демалыста, балалармен және т.б. осындай сияқты суреттерді түйіндемеге жалғау – қателік. Өзіңізді барынша іскерлік тұрғыда көрсеткен абзал.

Үшіншісі – түйіндеменің көлемі үлкен болуы

Егер түйіндемеңіз 3-4 беттен тұратын болса, оны ешкім оқымайды.

Төртіншісі – керісінше тым қысқа түйіндеме

Мәселен, түйіндемеңіз жарты беттен тұрып, жұмыс дағдыларыңызды сипаттайтын көптеген мәліеттер айтылмай қалмауы тиіс.

Тағы бір қателдік – түйіндемені шамадан тыс безендіру

Мәселен – көптеген әріп үлгілерін, түстерді және т.б. әдістерді қолдану. Оның барлығы мәтінге зер салуға кедергі келтіреді. Сондықтан да түйіндеменің безендірілуі неғұрлым қарапайым болғаны дұрыс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1836439-zmys-izdeusini-bet-bejnesi-sauatty-tjindeme-kalaj-zazylady/