Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Халал сертификаты бар: Сұлулық салонында қасты дін шартына сай әрлеуге бола ма

Жарияланған күні:

Бүгінде азық-түлік өнімдерінен бөлек сұлулық салаондарына да халал сертификаттары беріледі. Мәселен сән студияларында мұсылман әйелдерге қас әрлеудің халал түрі ұсынылатын болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Көрнекі фото: lifehacker.ru
Көрнекі фото: lifehacker.ru: Facebook

Халал қас әрлеу шеберінің тұрақты келушілерінің бірі Қарлығаш Шұнғаринаның айтуынша, ол салонға айына бір рет барады. Келіншек бұл қызмет түрінің денсаулыққа ешқандай зиян тигізбейтініне және ислам қағидаттарына еш қайшы келмейтініне нық сенімді.

"Әлияның қызметіне жүгініп жүргеніме екі жылдай болды. Біріншіден, оның халал сертификаты бар. Дінімізде қас жұлуға болмайтындықтан, мен осы қызмет түрін пайдаланып келемін", - дейді қала тұрғыны Қарлығаш Шұңғарина.

Әлия Қайранбаева халал қас әрлеумен екі жылдан бері айналысып келеді. Осы кәсіпті нәсіп етуі үшін ол Мәскеуден арнайы сертификат алып, екі күнге созылған арнайы курс үшін 2 миллион теңге төлеген. Осылайша, қазір оның қолында тиісті сертификаттың барлығы бар. Әлияның айтуынша, оның қас әрлейтін бояуларының құрамында спирт пен шошқа майы жоқ.

"Бұл өнім Үндістанда өсетін қынадан жасалады. Сапасы Ресейдің Мұсылмандар одағының мамандары берген сертификатпен расталған", - дейді қас әрлеуші Әлия Қайранбаева.

Ал Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, дінде қас бояуға қатысты нақты тыйым жоқ. Алайда көрсетілетін қызметтің ашықтығын жіті тексеру керек.

"Егер ислам қағидаттарына қайшы келетін доңыздың майы секілді қоспалар қосылмаған болса, онда халал сертификаты беріледі. Оны пайдалануға, сатуға рұқсат беріледі. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан берілген сертификаттың өзінің арнайы белгісі бар", - дейді бас имам.

Қазақстанның Халал индустриясы қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаевтың сөзінше, қас жұлу мен тырнақ өсіру ешқандай халал стандартқа да, дін шартына жатпайды.

Айтуынша, Пайғамбарымыз мұны қолдамаған. Сондықтан бұл мәселеде асқан сақтық керек.

Халал сертификатын сұлулық салондары ғана емес, дәмханалар мен мейрамханалар да, қонақ үйлер мен басқа да қызмет көрсету орындары ала алады екен. Ал оның біртұтас стандарты болмағандықтан, тұтынушылардың 100 процент халал-өнімге қол жеткізетініне ешқандай кепілдік жоқ.

Еске сала кетсек, Атыраулық отбасы "Халал" дүкеннен ет сатып алып, қонақ шақырған. Дастарханға қойылған асылған еттен ауыз тигеннің бәрі уланып, дәрігерге жүгінуге мәжбүр болған еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1836600-halal-sertifikaty-bar-slulyk-salonynda-kasty-din-sartyna-saj-rleuge-bola-ma/