Жаңа туған нәрестеге ана уызын беру не себепті маңызды
Жарияланған күні:
Халқымыз әлжуаз, жиі ауырғыш балаларды "уызға жарымаған" деп айтып жатады. Бұл сөзді жиі айтсақ та, оның шығу тегіне, уыздың не екеніне мән бере бермейміз. Осы ретте ұлтымыздың үлгілі келіні Зейнеп Ахметова баланы уызға тойдыруда қандай сыр жатқанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ernur.kz-ке сілтеме жасап.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың сөзінше, жас анада екі-үш күн ғана болатын уызда үлкен тектілік қасиет бар. Баланы мейірлене емізген кезде сүт оның бойына дәрумен болып барады екен.
"Анада аналық сезімі баласын емізген кезде пайда болады. Алғаш сәбиін қолына алып омырауын тосқан ананың алпыс екі тамыры шымырлап, өзгеше бір сезімге бөленеді. Қазақ әйелі ешқашан шашын қобыратып, орамалын байламай баласын қолына алмаған. Үнсіз оңаша отырып емізетін болған.
Көргенді ене "балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей тілеуіңді тілеп отырып еміз, сонда балаң мейірімді әрі сенің қадіріңді біліп өседі" деп үнемі келініне айтып отырған. Баланы өзгелер қанша күтіп-бақса да, ананың мейірімі мен ақ сүтіне ештеңе жетпейді. Нәресте бүкіл өміріне жететін иммунитетті екі күн еметұғын уыздан алады екен.
Қазақта "уызына жарымаған" дейтін сөз бар. Мысалы, уыз ембеген жетім қозылар тез өліп қалады. Тіпті тірі қалған күнде басқа қозылармен салыстырғанда, шөкімдей болып, өспей қалады. Адам баласы да сондай. Біз ананың екі-үш күн ғана болатын уызында тектік қасиет болатынын біле бермейміз.
Ал тектік қасиет дегеніміз – ұлттық қасиет. Ата-бабаларымыздың уызға аса қатты мән бергенінің себебі – осы. Мейіріммен берілген сүт баланың бойына дәрумен болып, шипа болып сіңеді. Құр әншейін қарын тойғызу емес, мейірлене емізу арқылы балаға күш-қуат құйылған", - деген Зейнеп Ахметова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Зейнеп Ахметованың баланың тұсауын кесуге қатысты пікірін жариялаған едік. Жазушы өзінің "Күретамыр" атты кітабында қазақ "жолы әлі ашылмаған" деп үйленбеген жігітке, тұрмысқа шықпаған қызға тұсау кескізбегенін айтқан.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1836620-zaa-tugan-nrestege-ana-uyzyn-beru-ne-sebepti-mayzdy/