Ақтауда көлігі тіркелмеген тұрғындар қайта жиналып, наразылық көрсетті (фото, видео)
Жарияланған күні:
16 қаңтарда көліктері тіркелмеген Ақтау тұрғындары митингке шыққан болатын. Бұл жолы жүргізушілер нақты талаптарын білдіріп, әкімдікке жазбаша өтінішпен жүгінуді дұрыс деп шешкен. Алайда, олар билік аталған жағдайға назар аудармаса, тағы көпшілік алдына шығатынын ескертті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жексенбі күні көлік жүргізушілер қайтадан Ақбота саябағының жанындағы тұраққа жиналды.
Кездесу барысында қызығушылық танытқан тұрғындардан қол жиналды. Бұлар негізгі өтінішке қоса тіркелген.
Өтініште көлік жүргізушілерінің жазбаша түрдегі нақты талаптары бар.
Қала тұрғындары билік өкілдерін "Жол қозғалысы туралы" Заңды реформалауға шақырды.
Нақтырақ айтсақ, олар "шетелдік нөмірі бар автомобильдерге шектеулер қойылады" тармағын қайта қарастыруды ұсынды.
Лада басылымының мәліметінше, көлік жүргізушілерден бөлек, оқиға орнына тәртіпті сақтау үшін Маңғыстау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері келген.
Шетелден көлік алып келгендер әкімге талаптарын қарастыру туралы жазбаша өтініш жібермекші.
Олар осы апта ішінде билік шектеулерге байланысты жағдайды түзетпесе, онда келесі жексенбіде, яғни 26 қаңтарда тағы да жиналатынын ескертті.
Өткен аптада Ақтөбе қаласында шетелден көлік алып келген жүргізушілер наразылық білдіріп, автатұраққа жиналса, Ақтау мен Жаңаөзенде шаһар тұрғындары аталған жағдайға қарсылығын танытып, митингке шықты.
Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігі автокөліктері шет мемлекеттерде тіркелген қазақстандықтарды еліміздің заңнамасына сәйкес көлік құралдарын тіркеуге шақырған болатын.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпте тіркелмеген көлік құралын басқарғаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын, оның мөлшері 10 АЕК-ны құрайтынын, сонымен қатар көлік айыппұл тұрағына қойылатынын хабарлаған еді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1836907-aktauda-klikteri-tirkelmegen-trgyndar-kajtadan-zinaldy-foto-video/