Алматы облысында ағайындылар арасындағы жанжал кісі өлімімен аяқталды
Жарияланған күні:
Алматы облысында ағайындар арасындағы төбелес атысқа ұласып, салдарынан бір адам көз жұмды. Бұрыннан араздығы бар туыстар бір-біріне аңшы мылтығын кезеніп, пышақ ала жүгірген. Атыс кезінде тағы төрт адам жараланып, ауруханада жатыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Қанды оқиға Панфилов ауданы, Көктал ауылында болған. Атыс салдарын бір адам қаза тауып, төртеуі ауруханаға түскен.
Дәрігерлер екіге бөлініп ерегіскен топ бір-бірін аямағанын жеткізді.
"Бүйрегі мен көкбауырынан, ішегінен, омыртқасынан жарақат алған. Пытыра ғой", - дейді хирург Марат Әбубакиров.
Оның сөзінше, оқ тиген бір науқастың жағдайы ауыр. Қалған үшеуінің өкпесіне, ішек құрылысына бірнеше жерден пышақ сұғылыпты.
Зардап шеккен Гүлнәр Баекеева қанды жанжалды ауыл әкімінің орынбасары қасақана ұйымдастырғанын айтады.
"Қадырбаев деген Көктал ауылының әкім орынбасары бауырымның жағын сындырды. Сол үшін мен арызданғаным рас. Сол кезде маған айтқан: "Егер арызыңды алмасаң, бауырыңды немесе өзіңді өлтіреміз" деген. Бір сөзге келместен, көліктен түскен төрт баланы бірдей ата бастаған. Жазықбеков Ербол, Асылбек, Ердос деген бар, олардан бір бала емес, жалпы 30 бала болып барған. Төртеуіне 30 бала жабылған", - дейді ол.
Бірақ полиция мәліметі бұған мүлде кереғар.
Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген аудандық полиция бөлімінің басшысы Арнай Әбдірахмановтың айтуынша, атыс туыстар арасында болған. Жанжал болған жерге қаруды келіншектің ағалары алып келген.
"Бұл жерде мылтық Баекеевтер тарапынан алынды, үш мылтық та. Мойындап, бүгін жауап алынған. Бәрі қылмыстық іске біріктірілген, айғақ зат ретінде. Тергеу амалдары жүргізілуде, жалпы адам саны 15 адамдай", - деді ол.
Тергеу мәліметінен белгілі болғандай, ауылдастар арасындағы жаппай атысқа таспа себеп болған.
Қолға түскен күдіктілердің бірі қарызын төлей алмаған сыныптасын бір жыл бойы жұмысқа тегін жеккен көрінеді.
Ол берешек досына бала-шағасының киімін жуғызып, үйін жинатқан.
Содан жәбір көрген ер адамға ауылдың басқа жігіттері араша түссе керек.
Алдын-ала мәлімет бойынша, қанды қырғын Көктал ауылының спортзалы жанында басталған.
Атыс кезінде көз жұмған 27 жастағы Теміртас Баекевтің бес жеріне оқ тигені анықталды.
Марқұмның артында бес жастағы қызы мен төрт айлық баласы қалған.
Марқұмның ата-анасы ұлының қазасына қамауда отырған өз туыстарын кінәлайды.
"Аналар айуан, бүкіл халық біледі, айуан екенін. Білмей қалдым мен... Алып, шығып кеткен солар, бауырымның балалары. Бес жасынан қалған олар, содан тәрбие, ештеңе көрмеген. Істі болған, бүкіл халық біледі оларды. Бәрі істі болған", - деді марқұмның әкесі Совет Жұмабаев.
Қазіргі уақытта қылмысқа қатысты үш адам қамауда отыр. Қалған 8 адам куәгер ретінде іске тартылған.
Одан бөлек, үш бірдей аңшы мылтығы мен екі пышақ айғақ зат ретінде тіркелді.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Еске сала кетсек, осыған дейін Алматы облысындағы ауылда атыс болып, соның салдарынан төрт адам ауруханаға түскенін хабарлаған болатынбыз.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1837390-almaty-oblysynda-agajyndylar-arasyndagy-zanzal-kisi-limimen-aaktaldy/