Біртанов Қытайдағы турнирдің Қазақстанға ауысуына қатысты жауап бермеді
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қытайдағы қауіпті вирустың кесірінен Қазақстанға ауыстырылған теннистен халықаралық турнирге қатысты сауалға жауап бермеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Осы тақырыпты көтерген журналист коронавирустың кесірінен Моңғолияның Қытаймен шекарасын бекіткенін хабарлады.
"Қытайлық спортшылардың үлкен делегациясы келеді. Бұл турнирде өзімізде қабылдаудан, өткізуден бас тартуға болады емес пе? Спортшылар осы вирусты өздерімен бірге әкелуі мүмкін деп қазақстандықтар алаңдап отыр", - деді БАҚ өкілі.
Алайда Денсаулық сақтау басшысы аталған сауалды жауапсыз қалдырды.
"Мен спорттық іс-шараларға пікір білдіре алмаймын", - деді Біртанов.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің өкілі де қойылған сұраққа жауап бермеді.
Одан бөлек, Денсаулық сақтау министрі ДДҰ шекараларды жабуға кеңес бермегенін атап өтті.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген және елдер, оның ішінде Қазақстан 2005 жылы қабылдаған денсаулық сақтаудың халықаралық ережелері бар. Яғни біз осы ережелерді басшылыққа аламыз және жалпы шекараны жабу режимі жаһандық қауіп-қатерге сәйкес ДДҰ елдерге мұны жасауды ұсынған кезде орынды болады.
Біз жағдайды талдап отырмыз, әзірге ДДҰ бізге ондай ұсыным бермеді. Кеше жиналған үкіметтік комиссия шекараны жабу туралы шешімді қабылдамайды", - деді ол.
Оның сөзінше, мұндай жағдайларға арнайы жасалған механизм бар. Алдымен әуежайға келген ұшақ санитарлы тұраққа қойылады. Бортқа дәрігер көтеріледі. Ол келген жолаушылардың жағдайын бағалайды және осыдан кейін олар ғимаратқа шығарылады. Ғимаратта жолаушыларды әрі қарай сұрыптап, дерт анықталғандары ем қабылдап, диагностикадан өту үшін ауруханаға жеткізіледі.
"Бұл үшін бізде орындар бар және барлық қажетті шаралар қабылданады. Бақылау кезінде сау болғандар инкубациялық кезең, 14 күн ішінде жергілікті жердегі дәрігерлердің бақылауында болады", - деді министр.
Сондай-ақ ол мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға Қытайға іс-сапарларын кейінге шегеруге, азаматтарға жеке және басқа да істерімен көрші елге шықпауға кеңес берді.
Бұл Қытайға баратын біздің азаматтарымыз үшін жаңа қауіпті вирус жұқтыру қаупін азайту мақсатында жасалады.
"Басқа елдер мен басқа елдердің азаматтарына Қазақстанға келуге, оның ішінде қандай да бір сайысқа қатысуға тыйым салуға, мұндай ұсыным бермейміз. Жағдайды бақылап отырмыз", - деп түйіндеді Біртанов.
Еске сала кетсек, бұған дейін ақпан айының алғашқы онкүндігінде аспан асты елінде өтуі керек болған халықаралық теннис жарыстарының ойындары коронавирустың кесірінен Қазақстанға ауыстырылғаны хабарланған.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1838189-birtanov-kytajdagy-turnirdi-kazakstanga-auysuyna-katysty-zauap-bermedi/