"Сыра королі" Тоқтар Төлешов өзінің бұрынғы сыра зауытымен соттаспақшы
Жарияланған күні:
Тоқтар Төлешов сенімді өкілі арқылы өзінің бұрынғы кәсіпорнының үстінен талап арыз беріп, олардан 260 миллион теңге өндіріп алуды көздеп отыр. "Дархан Group" және "Шымкент сыра қайнату зауыты" ЖШС сотқа тартылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Тоқтар Төлешовтің атынан "Дархан Group" ЖШС-не қатысты талап арыз келіп түсті. Бұған дейін аталған компанияның жарғылық капиталының 99,97 пайызы Төлешовке тиесілі болған.
"Дархан Group"-тың бұрынғы иесі 2017 жылы қабылданған ортақ жиынның шешімдерін жарамсыз деп тануды талап етіп отыр.
Ол кезде Төлешовтің өзі қамауға алынғандықтан, ресми түрде ЖШС бас құрылтайшысы бола тұра жиынға қатыса алмаған.
Төлешовтың пікірінше, аталған шешімдер оның құқықтарын бұзып, 260 миллион теңгеге залал келтіріпті.
Сондай-ақ, Төлешов талап қоюды қамтамасыз ету үшін жауапкерлердің мүлкін тәркілеу туралы өтінішпен сотқа жүгінді.
Ол мүлікті тәркілеу ретінде Шымкент қаласы, Сайрам көшесі, 198 мекен-жайында орналасқан "Арман" балабақшасының жер телімін, сондай-ақ "Шымкент сыра қайнату зауыты" ЖШС-нің 256 224 612 теңгесін алуды ұсынды.
15 қаңтарда іс бойынша төрағалық етуші МАЭС судьясы Мәлік Майсақанов Төлешовтің талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарды.
Алайда, Төлешовтің талап-арызы бойынша азаматтық іс қаралып, сот талқылаулары дайындалуда.
Істі толығымен қарау үшін сот үшінші тұлға ретінде "Шымкент сыра қайнату зауыты" ЖШС, сондай-ақ бұрын "Дархан Group" ЖШС-нің тең құрылтайшысы болған Нұрғали Досанбаевты тарту орынды деп санаған.
Айта кетейік, Төлешов 2016 және 2017 жылдары аса ауыр сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстар үшін сотталған. Оның барлық мүлкі тәркіленді. Ол коммерциялық және қоғамдық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, продюссер әрі әнші Ерболат Беделхан Динара Сатжанға берген сұхбаты кезінде "Орда" тобына бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешовтің демеу болғанын айтты.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1838526-syra-koroli-toktar-tlesov-bryngy-syra-zauytymen-sottaspaksy/