Жемқорлыққа қарсы агенттік фляктағы ұнның арасына жасырылған ақшаны тауып алды (видео)
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде жоғары лауазымды қызмет атқаратын екі шенеунік 35 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, пара алды деп күдіктеліп жатқан тұлғалар - ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары мен облыс әкімі аппаратының заң бөлімінің меңгерушісі.
Олар ұйымдардың бірінің өкілінен заңсыз түрде 35 млн теңге пара алған деген күдікке ілінген.
Бұл ірі сома 2021 жылға дейін есептелген агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ЖШС-нің көрсеткен көмегіне арналған.
Жемқорлыққа қарсы ведомствоның ақпарынша, екі күдікті де ШҚО-ның облыс орталығындағы уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.
Одан бөлек, ЖШС өкілі де қамауға алынған. Қазіргі уақытта олардың сотқа дейін қайда болатыны шешіліп жатыр.
Ведомство үш адамның кінәлілік деңгейін сот органдары анықтайтынын да атап өтті.
Сондай-ақ, шенеуніктердің ұсталған сәтінен кадрлар пайда болды. Видеода бума ақшаны ұн салынған фляктан және сөмкелерден шығарып жатқаны көрінеді.
Еске сала кетсек, 5 ақпанда пара алды деп күдіктеліп жатқан Қорғаныс министрлігінің генерал-майоры Қайрат Көпбаев екі айға үйқамаққа алынғаны белгілі болды.
Оған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып, генерал-майорға қатысты тергеу жүргізгенін хабарлаған еді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1839705-zemkorlykka-karsy-agenttik-flaktagy-nny-arasyna-zasyrylgan-aksany-tauyp-aldy-video/