Алматыда ҚазҰУ студенттері наразылыққа шықты (видео)
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желілерде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері оқу орны ғимаратының алдында наразылыққа шыққан сәтінен видео тарап кетті. Бейнежазбадан жиылған бір топ жастардың "біз қарсымыз" деп айқайлап жатқанын естуге болады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Студенттердің наразылығы көрініс тапқан видео қазақстандық журналист Ерқанат Көпжасардың Instagram парақшасында жарияланып, бірден желідегілердің қызу талқысына түсті. Бірнеше сағат ішінде бейнежазба 17,5 мың қаралымға ие болып, жазба астында екі жүзге жуық пікір қалдырылған.
Видеоролик кадрларынан бір топ студенттердің ұлттық ЖОО алдында "біз қарсымыз" деп айқайлап жатқанын көруге болады.
Tengrinews.kz хабарлауынша, оқу орны ғимаратының алдына филология факультетінің екінші курс студенттері жиналған. Олар өз қатарластарының оқудан шығарылуына қатысты наразылығын көрсеткен.
ЖОО өкілдері екінші курста білім алған он студент оқудан шығарылғанын мәлімдеді. Оған жастардың жатақханада тұратын бірінші курс студенттерін соққыға жыққаны себеп болған. Олардың күш көрсету фактісі бейнебақылау камераларының жазбасы мен дәрігерлер анықтамасымен дәлелденген.
Анықталғандай, зардап шеккен бірде-бір бірінші курс студенті полицияға жүгінбеген.
Айта кетейік, аталмыш жазбаның астында желі қолданушылары оқудан шығарылған он студенттің барлығы ақылы бөлімде оқығанын алға тартты.
Студенттердің қатарластары олардың өзінен кіші жігіттерді соққыға жыққанына сенбейді. Олар бюджеттік орындарды босату мақсатында замандастарына жала жабылып жатыр деп есептейді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1840323-almatyda-okudan-sygarylgan-kazu-studentteri-narazylykka-sykty-video/