Коронавирус: Нью-Йорк билігі де аурухана салуға көшті
Жарияланған күні:
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы орталық саябақта коронавирус инфекциясына қарсы дала госпиталінің құрылысы басталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, аурухана шамамен 70 орынға шақталған.
Нью-Йорк қаласы АҚШ-тағы эпидемия ошағына айналып барады. Мұнда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды жатқызатын орын тапшы. Сол себепті ел билігі барлық мүмкіндікті қарастыруда.
Тіпті кемеде де аурухана ашылған. Онда мың адамды орналастыруға мүмкіндік бар екен.
Нью-Йорк мэрі дәрі-дәрмек қорының таусылуға жақын екенін жария етті. Қалада алдағы уақытта өкпені жасанды желдету аппараттарының жетпей қалу қаупі де бар көрінеді.
"Дала госпиталіндегі 68 орынның 10-ы интенсивті терапияға арналған. Ондағы науқастар өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етіледі", - дейді дәрігер Эллиотт Тенпенни.
Айта кетейік, АҚШ-та коронавирустан көз жұмғандардың саны 3 415 адамға жеткен. Ал эпидемияның ошағы саналатын Қытайда вирустан қайтыс болған 3 309 адам тіркелген.
Әлемде пандемия құрбандарының саны бойынша Италия көш бастап тұр. Ол жерде қатерлі дерттен он екі мыңнан астам адам көз жұмған.
Қазіргі уақытта бүкіл әлемде жаңа коронавирус инфекциясын жұқтырудың 823 мыңнан аса дерегі тіркелген. Статистикаға сәйкес, бұл көрсеткіш бойынша АҚШ көш бастап тұр. Онда инфекцияны 175 мың адам жұқтырған.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1848298-nu-jork-biligi-de-auruhana-saluga-ksti/