Қызылорда облысында вирус жұқтырған жүкті әйел сәбиін аман-есен босанды
Жарияланған күні:
Қызылорда облысында COVID-19 вирусын жұқтырған жүкті әйел сәбиін аман-есен дүниеге алып келді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Facebook парақшасында мәлімдеді.
Вице-минстрдің жазуынша, жүкті әйел 2020 жылдың 8 сәуірінде ауруханаға түскен. Оның босанатын уақыты жеткені анықталып және оған жедел-респираторлы вирусты инфекция диагнозы қойылған.
Науқастың денсаулығын бақылау барысында дене қызуы 38,1 градусқа дейін көтерілген. COVID-19 вирусына тексеру жүргізілген соң, оның қауіпті инфекция жұқтырғаны анықталыпты.
Алайда келіншек баласын аман-есен босанған. Сәбидің салмағы 2970,0 гр, бойы 51 см. Ал денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Нәрестеден де COVID-19 вирусына анализ алынған.
Жаңа босанған әйелді толық емдеп үшін оны инфекциялық стационарға жатқызыпты.
Кезекші бригада мүшелері медициналық көмек көрсету кезінде күшейтілген қорғаныш құралдарын пайдаланған. Кезекшіліктен кейін олар бірден үй карантиніне жатқызылады.
«Олар өз ісін адал атқарып жүрген біздің заманымыздың батырлары - Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының кезекшілер бригадасы: Ақбота Қоңқабаева - акушер – гинеколог, Әйгерім Еңсепбаева - акушер, Меруерт Аққайырова – неанатолог, Айгүл Тұрғанбаева – балалар дәрігері», - деп жазды вице-министр.
Естеріңізге сала кетсек, 9 сәуір күні Павлодар облысында коронавирустан бір науқас көз жұмғаны туралы жазған едік. Ол 1936 жылы дүниеге келген. Осылайша елімізде COVID-19 инфекциясынан қайтыс болғандар саны сегіз адамға жетті.
Соңғы деректер бойынша, Қазақстанда барлығы 781 жағдай тіркеліп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1849998-kyzylorda-oblysynda-virus-ztyrgan-zkti-jel-sbiin-aman-esen-bosandy/