Үш апта бойы үйдің бетін көрмеген қызылордалық дәрігер жағдайы туралы айтты
Жарияланған күні:
Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеп жүрген дәрігер Әсел Сейілова соңғы үш аптада қалай жұмыс істеп жатқаны туралы айтып берді KAZ.NUR.KZ порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Сейілова Жаңақорған ауданаралық ауруханасының инфекционист дәрігері болып қызмет етеді.
Ол соңғы үш апта үйіне бармағанын, тәулік бойы жұмыс орнында қалатынын алға тартты.
"Менің үйге бармағаныма 3 аптадай уақыт болды. Жұмыста қонып, осында қалудамыз. Бұл барлығымыз үшін қауіпсіз. Мен науқасқа шалдыққандарды емдеп және өзінің жақындарымды қауіпті дерттен қорғағым келеді. Қауіпті індетті жойғанша қызмет орнында боламыз", - деді инфекционист.
Қызылордалық дәрігер медицина саласына қалай келгені туралы да сөз қозғауды ұмытпады.
"Бала күнімнен дәрігер болуды алдыма мақсат еттім. Сол арманыма қол жеткіздім. Он жылдан астам уақыттан бері денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып келемін. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еңбегімізді ескеріп, айлығымызға қосымша төлемақы төлеуге шешім қабылдағанын білеміз. Маған наурыз айының жалақысына үстеме төленгені туралы ұялы телефоныма хабарлама келіп түсті. Оның көлемі 248 000 теңгені құрайды", - деді Жаңақорған ауданаралық ауруханасының инфекционист дәрігері Әсел Сейілова.
Еске сала кетсек, Алматы қаласында дәрігер-травматолог аурухананың былығын айтып, видео түсірді. Медицина қызметкері жазбасында бір айға жуық пациенттерді қажетті қорғаныс құралдарынсыз қабылдауға мәжбүр болғанын, бетпердені ауыстырмастан бір күн таққанын жеткізді.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1851063-s-apta-bojy-jdi-betin-krmegen-kyzylordalyk-driger-zagdajy-turaly-ajtty/