Бекшин: Вирус жұқтырған науқастар санының көбеюінен қорқудың қажеті жоқ
Жарияланған күні:
Алматыда коронавирус жұқтырған науқастар санының көбеюі азаматтардың үрейін туғызбауы қажет, бұл – жаппай тестілеудің нәтижесі. Бұл туралы Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оның айтуынша, қазіргі кезде коронавирус індетін жұқтырудың 1356 дерегі тіркелген, сәуір айында ауру жұқтыру деңгейі 6%-дан аспаған.
Бекшин экономиканы кезеңдеп қалпына келтіруді жүзеге асыру басталғанын мәлім етті.
Сонымен қатар, жаппай тестілеу жүргізу басталып, тестілеу контингенті кеңейтілген.
Бірінші кезекте коронавируспен күресуде алдыңғы қатарда жұмыс істеп жүргендер бұл тестілеуден өтеді.
Инфекция мегаполис тұрғындарының жалпы санының 0,06%-ына тарап үлгерген.
Бекшин тестілеу ешбір белгілерсіз ауру жұқтырғандарды анықтауға көмектесетінін айтты. Оның үстіне қаладағы барлық ауру жұқтыру ошақтары, оның ішінде орталық аурухана да оқшауланғанын жеткізді.
Бүгінгі таңда қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты, 7 күн ішінде динамика 6% деңгейінде.
"Статистиканың өсуінен қорқыныш туындамау керек екенін атап өткім келеді, бұл тестілеу арқылы халықты жаппай тексеру жұмыстарының нәтижесі, осы уақыт ішінде 77 000 тест өткізілді. 55 мыңы – ПТР, 22 мыңы – жедел тесттер. Медицина қызметкерлеріне басты назар аударылған. Олар 19 000-нан астам сынақ өткізді. Жақын арада біз басқа топтарды, ұжымдарды, әлеуметтік топтарды және Ішкі істер министрлігін тестілеуге көшеміз",– деді Бекшин.
Оның айтуынша, қазіргі міндет – күніне 3000 тестке дейін арттыру, бүгінгі таңда күніне 2000 тестілеу өткізіледі. Зертханалар саны да артады. Бүгінде олардың саны 6-ға жетеді, тағы 2-еуі қосылып, сонымен қатар талдау жинақтауға арналған 10 мобильді топ жоспарланған.
"Біз тестілеу көлемін 2 есеге көбейтеміз, нәтижелер уақытын қысқарту бойынша шаралар қолданамыз, халықты қамту деңгейі кең. Бұл вирус тасымалдаушыларды анықтап, қоғамды тазартуға мүмкіндік береді. Алдын алу әдістерін назардан тыс қалдырмау керек. Маска киюді, жаппай жиналуға жол бермеуді, әлеуметтік қашықтық принциптерін ұстануды ұмытпау керек",– деді Бекшин.
Өз кезегінде Тілеухан Әбілдаев 1135 науқастың ауруханаларда емделіп жатқанын, біреуінің жағдайы өте ауыр, 34-і ауыр, 279-ның жағдайы орташа, қалғандары қанағаттанарлық жағдайда екенін айтты.
Алматының 12 655 тұрғыны карантинде жатыр. 210 адам емделіп шыққан.
Бүгінгі таңда Алматыда 1940 орны бар 9 инфекциялық аурухана, 909 орындық 12 аурухана, 1392 төсегі бар 9 карантиндік аурухана бар.
Еске сала кетсек, елімізде қауіпті вирус жұқтырған науқастар саны тағы да өсті.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1854515-beksin-virus-zktyrgan-naukastar-sanyny-kbeuinen-korkudy-kazeti-zok/