Президенттің ТЖ режиміне қатысты сөйлеген сөзінің толық мәтіні жарияланды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтіні жарияланды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақорда сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Құрметті кеңеске қатысушылар!
Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр.
Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өттік.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды.
Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды.
Енді Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады.
Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды.
Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр.
Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті.
Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады.
Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады.
Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты.
Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады.
Саябақтар ашылады.
Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді.
Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.
Көптеген шектеулер алынып тасталды.
Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн.
Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек.
Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс.
Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді.
Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді.
Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі.
Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді.
Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс.
Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе.
Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет.
Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін.
Сондықтан, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек.
Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды.
Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда.
4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде.
1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде.
Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді.
Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады.
2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді.
Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді.
700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды.
Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды.
Жұмыс барысында олқылықтардың болғанын да мойындауымыз керек.
Індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кеткені рас.
Соған орай, біз дер кезінде шұғыл шаралар қабылдадық.
Көптеген мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуы арқылы шешілді.
Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды.
Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды.
Тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін.
Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда.
Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр.
400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр.
Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды.
Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр.
Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді.
Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас.
Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз.
Енді дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқталып өтейін.
Ең бастысы, барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау.
Азаматтардың табысын арттыру.
Бизнесті қолдау және оны дамыту. Білім және ғылым жүйесін жетілдіру.
Жуық арада ең өзекті деген мынадай мәселелерді шешуіміз керек. Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855178-prezidentti-tz-rezimine-katysty-sjlegen-szini-tolyk-mtini-zarialandy/