Қазақстанның бірнеше қаласында әуе қатынасы жанданды
Жарияланған күні:
Шымкент, Ақтау және Орал қалаларынан Нұр-Сұлтан мен Алматыға әуе қатынасы қайта жанданды. Сәйкес қаулыны Қазақстанның көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов қабылдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Аталған үш қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп танылды, сол себепті елдегі екі ірі қаламен байланыс қайта іске қосылды.
Жолаушылардан әлеуметтік қашықтықты сақтау, бетперде тағу және дене қызуын тексерту үшін бақылаудан өту талап етіледі. Шығарып салушыларға әуежай терминалдарына өтуге болмайды.
Сәдуақас Байғабылов қайта іске қосылған барлық әуе рейстері өңірлерді Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларымен байланыстыратынын, бірақ өңірлер арасында тікелей ұшу жоқ екенін атап өтті.
Егер азамат батыстан шығысқа барғысы келсе, оған кем дегенде бір рет басқа көлікке ауысып отыруына тура келеді. Бұл елдегі көлік ағынын тежеп, инфекцияның белсенді таралуына жол бермейді.
Еске сала кетсек, 1 мамырдан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында әуе рейсі іске қосылды. 5 мамырдан бастап Семей, Өскемен, Петропавл, Қызылорда, 11 мамырдан бастап Ақтөбе, Павлодар, Тараз, Қарағанды, Талдықорған, Көкшетау, Қостанай өңірінде ұшақтар қатынайтын болды.
13 мамырдан бастап Шымкент, Ақтау, Орал, Жезқазған, Балқаш, Үржар және Зайсан қалаларына ішкі әуе рейстері ашылды.
Жолаушыларды төрт қазақстандық әуе компаниясы тасымалдайды – Air Astana, FlyArystan, SCAT және Qazaq Air.
Айта кетейік, бұдан былай қазақстандықтардан ұшаққа отырарда COVID-19 анықтамасы талап етілмейтінін хабарлаған болатынбыз.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855723-kazakstanny-birnese-kalasynda-ue-katynasy-zandandy/